Орталық брифинг

Маңғыстаулық дәрігерлер атом энергетикасын игерудің тиімділігін айтты

 

Ақтауда облыстық АЭС құрылысы жөніндегі халықтық штаб өкілдері Маңғыстау облыстық көпбейінді аурухана ұжымымен кездесіп, АЭС құрылысы бойынша референдум өткізудің мән-маңызы жөнінде талқылау өткізді.
«Қазіргі таңда қуат тапшылығы жаһандық сипаттағы өзекті мәселеге айналды. Біз АЭС құрылысын қолдау арқылы энергетикалық кешенді дамыту бағытын айқындаймыз. Сол үшін стратегиялық нысан құрылысына оң көзқарас қалыптастыру керек. Өңірдегі халықтық штаб өкілі ретінде ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізіп жатырмын. Кейбір отандық сарапшылар АЭС құрылысы осыдан он жыл бұрын бастау алуы тиістігін айтады. Әрине әлі де кеш емес. Алдағы он жылдықта АЭС құрылысын сәтті жүргізіп атом қуатын елдің екпінді ілгерілеуіне бағыттау маңызды. Біздің, яғни халықтың шешімі мемлекеттің ұзақмерзімді дамуына ықпал етеді», — дейді Халықтық штаб өкілі Сьезбек Карипов.
Халықтық штаб өкілдері Қазақстанда қауіпсіздіктің барлық талабына жауап беретін жаңа буын III немесе III + атом электр станцияларын салу мүмкіндігі қарастырылып отырғанын айтты. Сондықтан да қауіпсіздік бойынша үрейленуге негіз жоқ екенін түсіндірді. Өз кезегінде АЭС салуды қолдайтын дәрігерлер елімізде экологиялық таза энергия көздерін дамытудың маңызды екенін айтады.
«Біз бүгінгі басқосудан кейін АЭС құрылысы және ядролық энергетиканың ел экономикасына тигізетін пайдасы жөнінде мол мағлұмат алдық. Өз басым АЭС құрылысын қолдаймын. Біз экономикасы қуатты елде өмір сүргіміз келсе, заман талабына сай озық технологиялармен жабдықталған медициналық қызметке қол жеткізгіміз келсе онда нық сеніммен атом энергетикасын игеруді қолдауымыз қажет. Бұл халықты электр қуатымен толық қамтудың тиімді жолы болмақ », – деді Маңғыстау облыстық көпбейінді аурухананың бас мейірбикесі Айтбибі Өтегенова.

Related Articles

Back to top button