Ауыл тұрғындарының өтінішіне сәйкес Жетісу облысының Көпбірлік ауылында кітапханасы бар мәдениет үйі салынады
Жетісу облысының Көпбірлік ауылында кітапханасы бар жаңа мәдениет үйі салынады. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Қаратал ауданына жасаған жұмыс сапары барысындағы ауыл тұрғындарымен кездесуінде айтылды. Ауылдықтардың айтқан өтініші негізінде өңір басшысы тиісті лауазымды тұлғаларға аталған нысанның құрылысына дайындық жұмыстарын бастау туралы тапсырма берді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Көпбірлік ауылының тұрғындары облыс әкімімен кездесуге жуырда пайдалануға берілген дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің алдына жиналды. Кездесуде тұрғындар ауылға келетін жолдың жөнделіп біткеніне және ауыз судың сапасы жақсартылғанын атап өтті. Облыс басшысы өз кезегінде халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатындағы осындай жұмыстар әлі де жалғасатынын жеткізді:
— Көпбірлік – облыстың ең шалғайдағы ауылының бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз облыс орталығына жақын елді мекендерді ғана емес, алыс жатқан ауылдарды абаттандыру мен дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін ең бірінші сапалы ауыз су, жол, жарық және әлеуметтік нысандар керек. Тұрғындар тұрмыстың жақсарғанын сөз жүзінде емес, іс жүзінде сезінуі тиіс. Сіздердің ауылға келетін жолды жөндеп бітірдік, ауыз судың сапасын жақсарттық, дене шынықтыру-сауықтыру кешенін, ауылдық әкімдік салып бердік. Енді сіздердің өтініштеріңізге сәйкес кітапханасы бар мәдениет үйі тұрғызылады. Екі ауылдық округке ортақ өрт сөндіру депосын құрып, қажетті техникамен қамтамасыз етеміз. Сол сияқты көшелерді жөндеуге, жарықтандыруға назар аударылады, — деді облыс әкімі Б. Исабаев.
Тұрғындар ауылға жасалып жатқан игі шараларға ризашылығын білдіріп, бірқатар өз өтініштерін де айтты.
— Ұзақ жылдардан бері біздің шалғайдағы ауылға арнайы келген бірінші облыс әкімісіз. Бұл ауылдықтардың мәселесі назардан тыс қалмайтынын көрсетеді деп ойлаймын. Мысалы, ауылымызда заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Мұнда балаларымыз дзюдо, волейбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисінен секцияларға барып жүр. Бұл олардың денсаулығын нығайтуға да пайдалы. Осы жерден мықты чемпиондар шығады деп сенеміз. Ендігі бір тілегіміз, осы спорт кешенінің артында орын бар, сол жерге балалар үшін воркаут алаңын салып берсеңіздер, — деді ауыл тұрғыны Нұрлан Бердахметов.
Тағы бір тұрғын ауыл балаларын түрлі жарыстарға апару үшін шағын автобус бөлінсе деген тілегін жеткізді. Облыс әкімі айтылған ұсыныстарды қолдап, аудан әкіміне және басқа да тиісті лауазымды тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.
Сол сияқты осы кездесуде ауылдан Балқаш көлінің жағалауына апаратын 2,5 шақырымдық жолдың мәселесі де көтерілді. Ауылдықтардың айтуынша, әсіресе жаңбырлы күндері жағалауға жету қиындық тудырады. Өз кезегінде облыс әкімі аталған жолға қиыршық тас төсеуге қаржылай көмек көрсетілетінін айтты.
Атап өтсек, осы күні Көпбірлік ауылындағы биыл қолданысқа берілген ауылдық әкімдік ғимаратында болды. Сол сияқты Үштөбе қаласындағы аудандық емхананың «Б» блогындағы күрделі жөндеудің барысымен танысты, сондай-ақ жақында ашылған жаңа үлгідегі әскери комиссариат ғимаратына барды. Сондай-ақ аймақ басшысы Ескелді ауылындағы блокты-модульді медициналық пункт пен мәдениет үйінің құрылысы барысын тексерді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жеңіс Ысқабай