Орталық брифинг

Техника ғылымдарының кандидаты: АЭС- елімізде атом өнеркәсібін дамытудың басты драйвері

 

Мәліметтерге жүгінсек, жыл өткен сайын Қазақстанның энергетикалық секторындағы дағдарыс ушығып барады. Энергетика министрлігінің қорытындысы бойынша энергетикалық кешендердегі жабдықтардың 60 пайыздан астамының тозығы жеткен. Ауқымды мәселені шешу жолдары жөнінде Есенов университетінің энергетика және автоматтандыру кафедрасының қауымдастырылған профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Евгений Муралев пікір білдірді, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Спикердің айтуынша, қазіргі таңда қазақстандықтар үшін балама энергия көздеріне қатысты таңдау спектрі өте аз.

— Жасыл энергия көзі табиғат құбылыстарына тәуелді. Ал бізге тұрақты энергия жүйесі қажет. Газ турбиналары шектен тыс СО2 шығарады. Мемлекет басшысы 2060 жылға қарай көміртек тұрғысынан бейтарап ел болу міндетін қойды. Яғни, ауаға бөлінетін көміртегі мөлшерін 300 миллион тоннаға қысқарту қажет. Бұған қалай қол жеткізуге болады? Жалғыз нұсқа — атом энергиясын пайдалану. Себебі ол көмірқышқыл газын шығармайды, — дейді Евгений Муралев.

Ол бүгінгі таңда 32 елде 440 атом реакторы жұмыс істейтінін айтты. Олардың қатарында алапат апат орнаған Украина мен Жапония елдері де бар. Олар дамудың басты драйвері АЭС екендігін жіті түсінеді.

— Қазақстан дамыған елдердің қатарына кіріп, жаңа буын атом станцияларының жасампаз қуат көзін қажетімізге жаратуымыз керек деп санаймын, — деді спикер.

Сондай-ақ, Евгений Муралев әлем бойынша атом реакторларының саны және энергетикалық әлеуеті жөнінде мәліметпен бөлісті.

— АҚШ аумағында 94 атом реакторы орналасқан, әлем бойынша ядролық энергетиканы тұтынудан көш бастап тұр. Ал Францияда 56 ядролық реактор іске қосылған, қазіргі таңда Қытайда 30 атом энергоблогын салып жатыр. Атом қуатын бейбіт мақсатта пайдалану бағытында Біріккен Араб Әмірліктерінің тәжірибесі өте зор. Өндіріс әлеуеті жоғары, электр қуатының қолжетімдігіне қарамастан соңғы жылдары қуаты 1200 мегаватты құрайтын 4 атом энергоблогының құрылысы жүріп жатыр. Арабтар іргелес елдерді электр қуатымен қамтуды көздеп отыр. Бұл шынтуайтында өте тиімді, қауіпсіз әрі сенімді таңдау. АЭС қуаты ұрпақ игілігіне бағытталады. Қазақстан да атом энергетикасын пайдаланатын және дамыған елдердің үлкен клубына қосылуы керек, — деді Евгений Муралев.

Related Articles

Back to top button