АЭС қайда салынуы мүмкін?
Егер АЭС салынса, қайда салынуы мүмкін? Оның локациясына қатысты үш түрлі пікір айтылуда. Бір тарап Маңғыстау облысында болғаны дұрыс дейді. Алайда бұл нұсқа білуімше тек қана қарапайым адамдардың ұсынысы, ал мамандар мен мемлекет бұл нұсқаны талқылауды да қарастырмаған сияқты.
Екінші нұсқа ол Курчатов қаласы. Бұл нұсқа талқылауда айтылды және салынуы мүмкін болжамды орынның бірі деп қарастырылуда.
Үшінші нұсқа ол Балқаш маңындағы Үлкен ауылы. Осы жерде салынады дегенге басымдық көп, себебі талқылау да осында жиі өтті, министрлік тарапынан да осы орын жиі айтылды және БАҚ беттері де осы орынды жиі айтуда.
Алғашқы екі нұсқа неге болмайды? Себебі АЭС-тің салынуындағы бір мақсат оңтүстік өңірдегі энергия дефицитін шешу. Балқаш маңындағы Үлкен елді-мекенінде салынса, бұл міндетті реттей алады дейді мамандар. Яғни Түркістан, Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстары мен орталық Қазақстан аймақтарындағы энергия тапшылығын шешу мәселесі ғой.
Ал еліміздің батысы мен солтүстігінде басқа аймақтармен салыстырғанда энергия профицит саналады екен. Сол себепті оңтүстіктің энергия тапшылығын шешу үшін бірінші-екінші нұсқа қарастырылмайды-ау. Мамандар АЭС-ті оңтүстікке немесе оңтүстікке жақын өңірге емес, басқа өңірге салса, онда болашақта оңтүстік аймақтар Қырғызстаннан энергия алуды арттыратын болады дейді. Сондықтан локация оңтүстік болады.
Талқы үшін: Айтпақшы МАЭК-ті (Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты) толыққанды АЭС деп жүрген жандар да бар екен. МАЭК-те өзі немесе жақындары жұмыс істейтін оқырмандар бар ма арамызда?
Касенгали Асхат — саясаттанушы