Жаңалықтар

ОҢАЙ ОЛЖА ОРҒА ЖЫҚПАСЫН!..

Экономикалық тергеу департаментіндегі мамандар ойынға тәуелділіктің құрбандары көбінесе жастар екендігі, ал заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрестің нәтижесі көбінесе тұрғындардың санасына байланысты екендігін айтып отыр.

 «Оңай» ақшаны лезде ұтып аламын деген үмітпен адамдар көбінесе казино мен автоматтарға тапқан табысы мен барын қалдырады. Жедел-тергеу тәжірибесі көрсеткендей, анықталған жасырын казинолар мен ойын мекемелеріне негізгі келушілер жастар болып отыр. Заңсыз ойын бизнесі мемлекеттік бюджетке ешқандай пайдасы жоқ және сонымен бірге қала тұрғындарының да қалтасын қағады. Халықтың құмар ойындардан бас тартуы қаскүнемдерді заңсыз табыстарынан айырады» дейді Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің тергеу басқармасының басшысы Сәкен Қондыбаев.

Жедел-тергеу іс-шаралары барысында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырудың екі фактісі анықталды, атап айтқанда, ставкаларды қабылдау, банктік аударымдар арқылы ұтыстарды есептеу және беру функцияларын қолдайтын онлайн құмар ойындар. Ұйымдастырушылар 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар, қаланың екі тұрғыны заңсыз ойын бизнесі саласындағы осындай құқық бұзушылықтар үшін 1,6 жылға бас бостандығын шектеуге сотталды.

 «Бүгінгі таңда казинолар мен ойын автоматтары залдары тек Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Щучье ауданында орналастырылуы тиіс. Осылайша, аталған аумақтардан тыс жұмыс істейтін барлық ойын мекемелері өз қызметін заңсыз жүзеге асырады» деп ескертеді мамандар.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында халық арасындағы құмар ойынға тәуелділік мәселелеріне қатысты сөз қозғаған болатын.

– Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды, – деді Президент.

Президент осы жаман әдетке, әсіресе, жастар әуес екеніне назар аударып, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырды.

– Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы салалық министрліктерге нақты міндеттер жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев құмар ойынға тәуелді азаматтардың қатысы бар қылмыстар көбейгеніне құқық қорғау органдарының назарын аударып, алдын алу жұмыстарын жүргізіп, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берді.

Президент елімізде лудоманияның белең алуына қарсы бағытталған әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруда қоғамның, дін қызметкерлерінің және бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі ерекше екенін атап өтті.

 

Related Articles

Back to top button