Жаңалықтар

Туризм түйіндерін тарқатсақ…

Күні кеше ғана Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ туризмді дамыту жөнінде кеңес өткізген болатын. Бұл жиында сала өкілдері мен жанашырларын көптен бері толғандырып жүрген түйткілді мәселелер мен батыл бастамалар көтерілді, нақты ұсыныстар айтылды,-деп хабарлайды brifing.kz

СӨЗДЕН ІСКЕ КӨШЕТІН КЕЗ КЕЛДІ

Осынау маңызы зор жиынға қатысып, Президент ұсынған батыл бастамаларды тікелей тыңдағандардың бірі – «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының директоры, ҚР Туроператорлар қауымдастығының президенті Инна РЕЙ. Ендеше, біз де оның Мемлекет басшысы көтерген мәселелерге қатысты пікірін сұраған едік.

«Бұл жиында бізге, яғни, туризм саласын дамытуға бар күшін салып жүрген жандар үшін өте маңызды және қажетті әңгімелер айтылды. Қасым-Жомарт Кемелұлы жалпылама статистика мен құрғақ сөзден гөрі нақты проблемалар мен оларды шешу жолдарын ұсынды. Бізге де керегі осы еді. Яғни, бұл салада шешімін күткен мәселе өте көп. Егер соның барлығы шешілсе, онда туризмге экономиканың бірс аласы ретінде зор маңыз беріле бастайды. Ал, әзірге туризмді дамыту бағытында жасалып жатқан жұмыс аз. Мұны Мемлекет басшысы да жасырмай, керісінше, туризмді дамыту үішн ең алдымен инфрақұрылым жүйесін қайта құрып, соған инвестиция құю қажеттігін қадап айтты. Жиында көптеген баяндамалар жасалды. Бірақ, оның бәріне Президент сол бойда түзетулер енгізді. Бұл оның туризм саласынндағы түйткілдермен жақсы таныс екенін айқын аңғартып тұр. Демек, бастысы Президенттің өзі елімізде туризмді дамытуға үлкен қолдау білдіріп отыр. Расымен де, инфрақұрылым мен жол мәселесін шешпей, біз шетел тұрмақ, өз туристерімізді де тарта алмасымыз анық» деді ол бізге берген сұхбатында.

КӘСІПКЕРГЕ – КЕҢ ӨРІС

Бірақ, отандық туризмді дамыту бағытында мемлекет тарапынан түк жасалып жатқан жоқ деуге де болмайды. Бүгінде түрлі инвестициялық жобалар мен кәсіпкерлерді қолдау бағдарламалары өз жемісін беруде. Осы орайда, біз «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат САДУАҚАСОВТЫ да сөзге тартып көрдік.

«Қазір инфрақұрылым жобаларын қаржыландыруға республикалық бюджеттен жылына 70 млрд теңге бөлу қарастырылуда. Бүгінде арлығы 652,5 млрд теңгеге 138 жобаны жүзеге асыру жоспарда тұр. Қазір соның ішінде 369,8 млрд теңгеге 61 жоба жүзеге асырылу үстінде. Барлығында ЖСҚ жасақталған, қажетті қаражат та бөлініп жатыр. Ал, қалған 77 жобаға (282,7 млрд теңге) қаражат тапшылығы мен рұқсат құжаттарының кешіктірілуі қолбайлау болуда. Мәселен, бұлардың ішінде Маңғыстау облысының киелі жерлеріне апаратын автомобиль жолдарының құрылысы бар. Ал, бұл өз кезегінде еліміздегі ең маңызды туристік нысандардың бірі болып табылады. Бұдан бөлек, Ақтөбе қаласындағы «Hilton» қонақүй кешенінің жобасына қажетті ЖЭС желісінің қуатын арттыру (8 млрд теңге), Алакөлдің жағалауындағы аумаққа орталық су жүйесін жүргізу және басқа да көптеген жақсы жобалар бар» дейді ол бізбен әңгімесінде.

ҮНЕМДЕЙ БІЛГЕН ҰТАДЫ

Иә, мемлекет тарапынан туризмнен табыс табамын деп жүрген кәсіпкерлерге қолдан келген қолдаудың бәрі жасалып жатыр. Бұл ретте, сол бизнес иелері де мемлекет қаржысын мейлінші тиімді жұмсай білуі қажет. Әйтпесе, республикалық немесе жергілікті бюджет созыла беретін сағыз емес, оның да жетер жері бар. Біз тілдескен сала жанашырларының бірі, Наурызбай ауданыныңтұрғыны Әлім Қаражанов осындай ой білдірді.

– Президент еліміз туралы қызықты мәліметтерді ғаламдық ақпарат кеңістігінде кеңінен таратуды тапсырды, — дейді ол. – Шынымен де, туризмді дамыту үшін өзімізде өтетін ауқымды халықаралық шараларды толығымен пайдалану керек қой. Мәселен, биыл елімізде бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Соны жаһанға жар салып жарнамалау керек. Себебі, мұндай мол мүмкіндік күнде туа бермейді. Сонда ғана басқа елдер біздің ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды, әдебиетіміз бен мәдениетімізді тани түседі. Сол арқылы қызығуышлық танытып, туристер қатарын толықтыра түседі. Міне, халықаралық ірі медиа-компаниялармен тығыз жұмыс жасау қажеттігін алға тартқан Мемлекет басшысы Сыртқы істер министрлігіне осы бағытта көптеген тапсырмалар берді.

ҚОЛДАУ БАР, ҚОРҒАУ ЖОҚ

Ал, енді мемлекеттік қолдау түрлеріне толығырық тоқталып өтсек, Біріншіден, туристік объектілерді салу және реконструкциялау кезіндегі шығындарды өтеу – он пайыз мөлшерінде. Қайтарым туристік нысан пайдалануға берілгеннен кейін төленеді. Өтемақы алу үшін кәсіпкер жергілікті атқарушы органға құжаттарымен бірге өтініш береді. Өз кезегінде аталған орган оларды мұқият тексеріп, өтемақы аударады.

Екіншіден, жол бойындағы қызмет көрсету объектілерінің құрылысына өтемақы 10%-ды құрайды. Өтемақы мөлшері жобалық-сметалық құжаттама сараптамасының қорытындысында көрсетілген өртке қарсы қорғаныс жүйесін салу құнының 10%-ын құрайды. Аталған нысандарға жол бойындағы ғимараттар мен құрылыстар (мотель, қонақ үй, кемпинг, техникалық қызмет көрсету мен жанар-жағармай құю станциясы, тамақтандыру, сауда, байланыс, медициналық қызмет көрсету, сыртқы (көрнекі) жарнама және басқалары) жатады.

Үшіншіден, туристік автобустарды сатып алу шығындары өтеледі. Туристік қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне (туроператорларға, турагенттерге, гидтерге, экскурсоводтарға) жүргізуші орындығын есептемегенде, сыйымдылығы сегіз орыннан асатын автокөлік құралдары құнының 25 пайызы өтеледі. Өтініштерді әкімдік қабылдайды.

Төртіншіден, кәсіпкерлік субъектілеріне санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға субсидия беріледі. Субсидиялау – 83300 теңгені құрайды. Ендеше, бұдан артық тағы қандай қолдау қажет?!

P.S.
…Әдетте, туроператорларға «неше турист әкеле аласыздар?» деген сұрақ қойылып жатады. Егер неғұрлым көбірек болса, соғұрлым жағдай жасалмақшы ғой. Бірақ, бүгінде жоқтан бар жасап отырған қазіргі сала жанашырларының еңбегі көзсіз ерлікпен тең емес пе? Ендеше, қанша туристің тартылуы маңызды емес. Керісінше, Алатауды біркөруге алыстан аптығып жеткен жандарға бар жағдайды жасаған жөн секілді. Себебі, ол бұл жерде көргенін ертең еліне айтып барады. Сөйтіп, жанына жолдастарын ертіп, қайтып оралады. Демек, бұл жерде стартегиялық ойлау да аса маңызды. Уақыттың өзі бізге бүгінгі күнмен ғана өмір сүруге болмайтынын, болашаққа да бет бұру қажеттігін көрсетіп отыр.

Сіз не дейсіз?
Ерболат ДОСАЕВ, Алматы қаласының әкімі:
– Алматы – еліміздің түкпір-түкпірінен жастар жиналған қарқынды дамып келе жатқан мегаполис. Жыл сайын қала халқы 70 мың адамға өсіп, әлеуметтік саладағы сапалы қызметтер жоғары сұранысқа ие. Ал, өсім бар жерде тұрақтылық пен тоқшылық бар деген сөз. Олай болса, барша алматылықтарға айтарым, ортақ үйімізге айналған шырайлы шаһарымызды таза әрі әдемі қалпында ұстауға бар күш-жігерімізді жұмсайық дегім келеді.

Ақан НҰРБЕКОВ, Жетісу ауданының тұрғыны:

«ҚАЛТАЛЫ АЗАМАТТАР ҚАЙДА ЖҮР?»
– Меніңше, туризмді дамытуға материалдық жағдайы жақсы жергілікті азаматтар да атсалысуы керек. Кезінде Алматыдан түлеп ұшып, қазір Астанада мол табыс пен зор пайдаға кенеліп отырған жандар көп қой. Солар елге тағзым ретінде неге қол ұштарын бермейді? Біреулер үй мен көлік алудан жарысып жатады ғой, неліктен туған жерді түлетуге тырыспайды? Яғни, бұл мәселеге жанашырлық және ұлтжандылық тұрғыдан қарау қажет. Әйтпесе, жабулы қазан жабулы күйінде қала бермек.

Related Articles

Back to top button