Орталық брифинг

Түркістан облысының әкімдігі мен Президент Іс басқармасы медициналық орталығы арасында меморандумға қол қойылды

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ҚР Президент Іс басқарамасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цоймен кездесіп, өңірдегі медициналық көмектің сапасын арттыру және денсаулық сақтау саласын дамыту бойынша бірқатар мәселелерді талқылады. Орталық басшысы жергілікті дәрігерлердің біліктілігіне жоғары баға берді,- деп хабарлайды Brifing.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу нәтижесінде Түркістан облысының әкімдігі мен Медициналық орталық арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Келісім аймақ тұрғындарына дәрігерлердің кеңестерін, санаторий-курорттық емдеу және медициналық оңалту қызметтерін алуға мүмкіндік береді.
– Біздің өңірде халық тығыз орналасқаны белгілі. Еліміздегі әрбір төртінші көпбалалы ана осында тұрады. Әрбір алтыншы-жетінші сәби де біздің өңірде дүниеге келеді. Соңғы бес жылда өзге көрші өңірлерге 484 мың адам қоныс аударған. Сондықтан Түркістан облысы үшін денсаулық сақтау мен білім саласын дамыту ең маңызды мәселе болып отыр. Өңірде бірқатар жаңа медициналық нысандар бой көтеріп жатыр. Оңтүстік аймақтарда 1 миллионға жуық халық тұрады. Облыс орталығына жету алыс. Сондықтан халыққа шекара асып, көрші елдерде емделу тиімді болып тұр. Біз өз тұрғындарымызға жоғары сапалы дәрігерлік көмек беруге күш салуымыз керек. Осы мақсатта Президентіміздің тапсырмасымен Сарыағашта перинаталды орталық салынады.

Медициналық кешенде перзентхана, көпсалалы аурухана, емхана және әкімшілік ғимарат орналасады. Медицина саласын жетілдіру үшін мамандар арасындағы біліктілікті арттырып, озық тәжірибе мен технологияларды жаңартуға басымдық беріп отырмыз. Осы тұрғыда сіздермен бірлесіп жұмыс істеу маңызды, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.


«ҚР Президент Іс басқарамасы Медициналық орталығының Түркістан облысындағы күндері» 23-26 сәуір аралығында өтеді. Медициналық орталықтың үздік мамандары аймақтың емдеу мекемелерінде шеберлік сабақтарын өткізіп, халыққа практикалық және консультациялық-әдістемелік көмек көрсетіп, күрделі операцияларды жасайды.

Екі күн ішінде нейрохирургия, кардиология, аллергология, урология, пульмонология, эндокринология және ортопедия саласында 200-ден астам тегін кеңес берді. Сондай-ақ бұрын-соңды болмаған 13 күрделі операцияны сәтті аяқтады. 400-ден астам тыңдаушының қатысуымен аймақ дәрігерлеріне арналған 28 презентация мен шеберлік сабақ өткізді.

«ҚР ПІБ Медициналық орталығы күндерінің» негізгі мақсаты – тәжірибе алмасу, әлемдік стандарттарға сай озық технологияларды трансферттеу және медицина мамандарының біліктілігін арттыру.
– Мемлекет басшысы елімізде денсаулық сақтауды дамытудың негізгі бағыт-бағдарын айқындап берді, ол үшін еліміздің әр азаматы озық технология мен әлемдік стандартқа сай сапалы медициналық көмекпен қамтылуға тиіс. Біздің мақсатымыз – екі жақтың дәрігерлерінің арасында кәсіби тұрғыда байланыс орнату. Біліктілікті арттыру. Бұл жолы ғана емес, жүйелі түрде жан-жақты қолдау. Жаңа технологияларда жұмыс істеуді үйрету.

Түркістан облысының дәрігерлері ізденімпаз, медицинадағы жаңа әдіс-тәсілдерді тез үйреніп алуға бейім. Көптеген күрделі оталарды жергілікті дәрігерлер де өте жақсы жасайды. Ол үшін алысқа барып, уақыт жоғалтудың қажеті жоқ. Озық технологиялар да жеткілікті. Бұл бағыттағы өңірдің әлеуеті жоғары. Кадр жасақтау, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, халықпен жұмыс істеу, дәрігерлік этиканы көтеру бойынша жұмыстарға басымдық беріледі. Мұның бәрі медицинаның сапасын арттыруға және өңірлік денсаулық сақтау жүйесін дамыту арқылы халыққа жоғары технологиялық медициналық қызметтердің қолжетімділігін жақсартуға көмектеседі, – деді өз сөзінде Алексей Цой.

Қазақстан өңірлерінде өткізілетін іс-шараларды облыс әкімдіктері мен денсаулық сақтау басқармаларының қолдауымен ҚР ПІБ Медициналық орталығы ұйымдастырды. Биыл Қазақстанның басқа өңірлерінде де осындай іс-шараларды ұйымдастыру жоспарлануда.

Медициналық орталық – Қазақстандағы беделді денсаулық сақтау бренді және озық технологиялар мен инновацияларды қолдана отырып, сапа мен сервистің халықаралық стандарттарына сәйкес келетін медициналық, оңалту және білім беру қызметтерінің кең спектрін ұсынатын әрі азаматтардың денсаулығын қорғауға бағытталған ірі холдинг.

Түркістан облысына сапары аясында ҚР ПІБ Медициналық орталығының басшысы бастаған делегация өңірдің бірқатар медициналық мекемелерінде болып, дәрігерлермен кездесуде. Еліміздің үздік ауруханаларының қызметі туралы жан-жақты айтып, облыстағы әріптестерімен медицина саласындағы өз тәжірибелерімен және білімдерімен бөлісті.

Related Articles

Back to top button