Екінші деңгейдегі банк жеңілдікпен қаржыландыратын пулға 275 млрд теңгеге 89 аграрлық жоба енгізілді
Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте Halyk Bank, Қазақстанның Даму банкі, Аграрлық несие корпорациясы, Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері жеңілдікпен қаржыландыру үшін жобаларды іріктеудің аралық нәтижелерін талқылады, деп Brifing.kz хабарлайды Primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
2024 жылғы 10 ақпандағы жағдай бойынша Halyk Bank 275 млрд теңге болатын 89 жобаны іріктеп алды. Бірінші кезеңде компания иелерінің іскерлік беделі, олардың жобаларды іске асырудағы тәжірибесі, салалық ерекшеліктер, өңірлердің нақты өнім түрлерімен қамтылуы сараланды. Аграрлық несие корпорациясы және Қазақстанның Даму банкі желісі бойынша жеңілдікпен қаржыландырылатын жобалар пулы екінші деңгейдегі банк портфеліне енген жобаларды ескере отырып қалыптастырылатын болады. Қаржыландыру тетіктері пысықталып жатыр. Әлеуетті жобалар қатарында 88 млрд теңгеге 49 жоба бар.
Өткен жылдың соңында Ауыл шаруашылығы министрлігі Halyk Bank және Бәйтерек холдингінің АӨК қаржы институттарымен ынтымақтастық аясында қаржыландырылуы мүмкін 500 жобадан тұратын портфель қалыптастырды. Бұл жобалар негізінен АӨК-ті дамытудың басым бағыттары – тауарлы сүт фермалары, көкөніс қоймаларын салуға, мал шаруашылығын дамытуға, дәнді дақылдарды, ет, жемістер мен көкөністерді қайта өңдеуге бағытталған.
Сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау құралдарын пайдалануды ескере отырып, қарыз алушы АӨК субъектісі үшін түпкілікті мөлшерлеме жылына 6%-дан аспайтын болады. Негізгі шарттардың бірі – ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың талаптарына сәйкес келетін жобаларды үздіксіз қаржыландыру.
Сонымен қатар Серік Жұманғарин қаржы институттарына айналым капиталын қаржыландыруды қарастыруды ұсынды. Бұл көктемгі егіс жұмыстары және арзандатылған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің өндірісі үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау құралы.