Алаяққа алданбас үшін…
«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құзырлы органдардың бәріне заңға бағынатын жұртқа зардабын тигізіп жатқан алаяқтыққа және сол сияқты басқа да заңсыз әрекеттерге қарсы батыл шаралар қабылдауды тапсырды.
Алматы қаласындағы екінші деңгейлі банктердің бірінде менеджер болып еңбек ететін Айгерім Нұрымованың ойынша, халықты ақшаны үнемдеу мен жинақтауға мамандар болып үйрету керек. Әйтпесе, кез келген азамат алаяқтың тұзағына түсіп, құрығынан құтыла алмай, жапа шеге беретін болады.
– Алаяқтардан алдын ала сақтану үшін мен банк қызметкері бола тұра, азаматтарға депозиттен гөрі сақтандыру полисін ашуға кеңес берер едім. Өйткені, банктерде салымшылардың ақшасы тек 10 миллион теңгеге дейін қорғалады. Яғни, банк банкрот деп танылған жағдайда, сол сомадан артық қайтарылмайды деген сөз. Ал, сақтандыру қоры қанша қаржы құйылса, соның бәріне 100 пайыз кепілдік береді. Екіншіден, банкте несие өтелмеген жағдайда адамның жеке шоттары бұғатталады. Ал, сақтандыру қорында ондай атымен жоқ. Ондағы қаржы тіпті сот шешімімен тәркіленуге де жатпайды, — дейді ол бізбен әңгімесінде.
Ал, тәуелсіз сарапшы Ғазиз Әбішев ақшаны банкте де, сақтандыру қорында да сақтаған артық етпейтінін айтады. Айтуынша, екеуінің де пайдасы болмаса, зияны жоқ.
«Ай сайын түсіп отырған табысыңыздың бір бөлігін банктен депозит ашып, сонда сақтаңыз. Егер алдағы бес жыл ішінде қаржылай қиындыққа тап бола қалсаңыз, кез келген соманы банк шотынан шешіп аласыз. Ал, жалақыңыздың енді бір бөлігін сақтандыру компаниясына аударыңыз. Ол сіздің болашаңызға жұмыс жасайтын болады. Оны, тіпті, мемлекетке декларация тапсырған сәтте де көрсетпеуге құқығыңыз бар» дейді ол.
Иә, «айлығым шайлығыма жетпейді» деп үкіметке алақан жайып отыратын заман емес. «Талаптыға нұр жауар» демекші, талпынған жанға жайлы жұмыс та, жоғары жалақы да бар. Тек алға қарай ұмтылып, жақсылықтан үміт үзбеу керек. Қарапайым зейнетақы жүйесін алайық. Қазір зейнеткерлер мемлекет есебінен зейнетақы алып отыр. Ал, алдағы уақытта 1980 жылдан бастап туған азаматтар зейнетақыны өздері жинаған сомадан ғана алатын болады. Осының өзі қаражат жинау мен сақтандырудың қаншалықты маңызды екенін аңғартып отыр емес пе?! Ендеше, оның шарттары мен талаптары қандай? Біз мұны экономика ғылымдарының кандидаты Әлішер Сағатұлынан сұрастырып көрген едік.
– Кез келген азды-кем табысы бар азамат ай, тоқсан немесе жыл сайын 10 мың теңгеден бастап сақтандыру мекемесіне қаражат құя алады. Ең басты талап – салымшының жасы 65-тен аспауы тиіс және онкология секілді ауыр дертке шалдықпаған болуы керек. Ал, шот ашқаннан кейін ауырып қалған жағдайда, оның ем-домын осы мекеме төлеуге міндетті. Сондай-ақ, салымшы жарақат алып, бірінші немесе екінші топ мүгедегі атанса, қаражат құюды қор өз міндетіне алады.
Құдай сақтасын, бірақ, салымшы айталық, 15 жылда 10 млн теңге жинаймын деп шарт жасасып, бірақ, сол уақытқа жетпей өмірден өтіп кетті делік. Мұндай жағдайда компания марқұмның мұрагеріне немесе туыстарына толық соманы төлеуге міндеттеледі. Кейде салымшылар салған ақшасын аяқ астынан алғысы келуі мүмкін. Бұл ретте, ай сайынғы төлем мөлшерін 10 мың, ал, жыл сайынғысын 120 мың теңгеге дейін азайтуға болады, — дейді ол.
Тағы бір айрықша атап өтерлік жайт, биыл Президент тапсырмасымен «Келешек» бағдарламасы аясында банктер мен сақтандыру қорларына «Bilim-Life» платформасын енгізу міндеттелген болатын. Бұл туралы бізге Ұлттық банк маманы Айгүл Маратқызы айтып берді.
«Бүгінде еліміз озық елдер қатарынан қалмас үшін біртіндеп білім беру гранттарын азайтып, болашақша ақылы форматқа көшуге бет бұруда. Бұл ретте, Ұлттық қордан әр балаға 100 доллардан аударылып отыр. Сондай-ақ, 2019 жылдан бастап туылған балаларға құйылатын 60 немесе 120 айлық есептік көрсеткіш көлемінде тағы бір қаржы бар. Оны алу үшін ата-ана баласы дүниеге келген күннен бастап «Bilim-Life» бағдарламасына қатыса алады. Ол үшін айына 10 мың теңгеден бастап 15 жылға дейін сақтандыру қорына ақша салуы қажет. Оған мемлекеттен 5-7 пайыз және қордан 8 пайыз үстемеақы төленіп отырады. Егер бала жасы жетіп, жоғары оқу орнына түсерде мемлекеттік грантқа ие бола алмаған жағдайда, ата-ана жинаған сомадан оқу ақысын төлеп отырады. Ал, «жаман айтпай жақсы жоқ» дегендей, ата-ананың бірі өмірден өткен жағдайда қор барлық міндетті өз мойнына алады» дейді ол.
Қалай десек те, «қыстың қамын жаз ойла» деп халық бекер айтпаған ғой. Жалпы, ата-ана баласының болашақтағы оқуына немесе үйленту тойына қажетті қаржыны қазірден жинағаны жақсы. Осылайша, ол өз отбасын алдын ала қарыздан сақтандырады. Сірә, ақшаны сауатты басқару деген осы шығар. Қалай болғанда да, мемлекет «Қарызсыз қоғам» құруға қадам басты. Енді тек халықтың қызу қолдауы қажет.