Жаңалықтар

Қаржылық пирамиданың құрығынан сақтаныңыз!..

Бүгінде қаржылық пирамиданың құрығына ілініп, құтыла алмай жүргендер қатары әлі де болса азаймай отыр. Себебі, қазір алдануға бейім тұрғындарды тұзағына түсіріп, алдап соғатын алаяқтар көбейіп кетті…

Мәселен, жуырда ғана Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында қаржы пирамидасын құрды және оны басқарды деп айыпталған А., К., С.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК 28-бабының 5-бөлігі, 217-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы).

Сотпен анықталғаны, сотталушылар шетелдік азаматтармен сөз байласып (оларға қатысты қылмыстық іс бөлек өндіріске бөлінген), болашақ инвесторларға ақша операцияларын бақылай алатындай интернет-платформасын құрды. Клиенттер әлеуметтік желілерде жарнамалау, кітапшаларды тарату, онлайн тренингтер өткізу, инвестициялық компания ретінде жобасын позициялау және әрбір инвесторға салынған соманың 5-тен 15%-ке дейін ай сайын алатынына уәде беру арқылы тартылған. Бірақ, оқиға баналдық болып шықты — қаржылық пирамида стандартты жүйеде айналды: бұрынғы инвесторлар дивидендтерді кейінгілердің есебінен алды. Алаяқтық барысында 13 адамға жалпы сомасы 59 894 237 теңге материалдық шығын келтірілген.

Сотталушылар кінәларын мойындамады. Жәбірленушілердің кейбірі сотталушыларға материалдық талаптары жоқтығын айтса, төртеуі соттан материалдық шығынды өндіруді сұрады. Прокурор сотталушыларды 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сот үкімімен А., К., С. қаржы пирамидасын құру және басқару бойынша кінәлі деп танылып, жәбірленушілердің азаматтық талаптарын қанағаттандыра отырып, 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушылар үшін жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар болып, сотталушы А.-ның жас баласының болуы, сотталушы К.-ның егде жасы және барлық сотталушылардың соттылығының болмауы танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ…

Сот тәжірибесі көрсетіп отырғандай, қаржы пирамидалары оңай табыс пен жылдам ақшаға сенетін азаматтар бар болғанша кезде жоғалмайды. Оқиғаларға қатысу тәуекелдері көбінесе, сот процестеріне, стресске және жоғалған ақшаға әкеледі. Мұндай жағдайлар халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру қажеттігін көрсетеді, өйткені білім мен сыни тұрғыдан ойлау қабылеттері кезекті осындай алаяқтардың қармақтарына түсіп қалмауға мүмкіндік береді.

– Желілік маркетинг әлемдік нарықта бар құбылыс, оны жоққа шығаруға болмайды. Оған жақсы не жаман деген баға бере алмаймын. Ал қаржы пирамидасы деген – ол нағыз қылмыс, оған бас ауыртудың қажеті жоқ. «Артыңнан осыншама алып келіп, мынанша ақша қоссаң – осыншама ақша аласың» дегеннен құрылған алаяқтық әрекет. Осы орайда қаржы пирамидасы мен желілік маркетингті ажырата білу қажет. Желілік маркетингте сатылатын нақты бір заттары болады. Кез келген кәсіп белгілі бір тәуекелге құрылады. Кез келген қаржылық шарттарға келіспес бұрын, компанияны мұқият зерттеңіз. Пікірлерді іздеңіз, лицензиялар мен заңды құжаттарды тексеріңіз. Егер күмәніңіз болса, қаржылық кеңесшілерден немесе заңгерлерден кеңес сұраңыз. Осы жылы ғана қаржы пирамидалары желісі бойынша сайттарға 175 сілтеме енгіздік, оның ішінде 87-сінің заңсыздығы расталды. Сонымен қатар, криптовалюта сатылымын бұғаттау бойынша жұмыс жүргізілді, біздің департамент ұсынған 60 сілтеменің 50 сілтемесінің заңсыздығы анықталды, – деп түсіндіреді Алматы облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің мамандары.

ТҮЙІН

…Қалай болғанда да, оңай олжа мен «жерде жатқан батпан құйрыққа» мүлде көз тікпеген жөн. Сонда ғана қаржы пирамидасы секілді алаяқтардың айласын айналып өтуге болады. Сол секілді, полиция департаменті мамандарының ескертулеріне де дер кезінде құлақ түріп жүру керек.

Related Articles

Back to top button