Жаңалықтар

АЛМАТЫДА ЭКОКӨЛІКТЕР СӘНГЕ АЙНАЛУДА

Алматыда қоғамдық көлікті дамыту аясында оның экологиялық түріне көшуін қамтамасыз ету және жаңарту жұмыстары жалғасуда.

Биыл жергілікті бюджет есебінен газбен жүретін 600 автобус, 100 электробус және 112 троллейбус сатып алуға тапсырыс орналастырылды. Жеке автопарктер осы жылдың бірінші жартыжылдығында газбен жүретін 150 автобус пен 15 электробус сатып алды. Осылайша, 2024 жылы экологиялық таза қоғамдық көліктің үлесі 53,7%-дан 70%-ға дейін ұлғаяды, орташа пайдалану мерзімі 3 жылдан 2,5 жылға дейін қысқарады.

Қазақстанда соңғы кезде электромобильдер саны артып келеді. Мәселен, өткен жылдың өзінде олардың саны 13 есеге өскен екен. Соның ішінде Алматы үздік үштіктің ішіне кіріп тұр. «За рулем» журналының бас редакторы Алексей Алексеев заманауи көліктердің қандай ауа райына да төтеп бере алатынын айтады.

«Электромобильдер кез келген климаттық жағдайға да төзімді келеді. Мен мұны ауадан алып айтып тұрғаным жоқ. Бұған көптеген зерттеулер мен сынақтар, сондай-ақ, көлік иелерінің пікірлері дәлел бола алады. Қарапайым бір мысалды келтірейін, Скандинавиялық елдердің бәрі осы электромобильдерге жаппай көшіп жатыр. Не үшін деп ойлайсыз? Ойланатын сұрақ. Сол секілді, Норвегияда да солай. Онда тұрғындар қарапайым көліктерді сатып алуға құлықсыз, одан гөрі электрокөлік сатып алғанды құп көреді. Қалай десек те, электромобильдер – болашақтың көліктері, мұны мойындамасқа болмайды» дейді сарапшы.     

2023 жылы электромобильдерге арналған инфрақұрылымды жүргізу үшін арнайы жол картасы жасақталды. Сол бойынша 2029 жылға қарай барлық ірі қалалар қажетті нысандармен қамтамасыз етілетін болады. Көптеген маңызды меморуандумдарға қол да қойылған. Қалғаны енді уақыттың еншісінде.

Ұлттық санақ бюросының мәліметіне сүйенсек, былтырғы қарашадағы көрсеткіш бойынша Қазақстанда 6 мыңнан астам электромобиль тіркелген екен. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 10,4 есеге көп. Көбісі Алматыда тіркеліп отыр. Жыл сайын мұндай көліктердің саны бірнеше мыңға артып жатыр.

Бүгінде қай қаланың көшелерінде де көлік көбейіп, кептелістер көптеп орын алуда. Соның ішіне, әлемнің түкпір-түкпірінде электр қуатымен қозғалатын көліктер қатары артуда. Алматы қаласы да бұл трендтен тыс қалмай, жарасымды жалғасын табуда. Ендеше, елордалық электрокөлік жүргізушілері астындағы темір тұлпарлары туралы қандай ойда екен? Данияр Қуанышев жарты жылдан бері «Tesla Y long range» көлігін тізгіндеп келеді. Ол бұл көлікті экологиялық жағынан таза болғандығы үшін таңдағынан айтады.

«Жанармаймен жүретін көліктердің дәурені өтіп барады деп ойлаймын. Себебі, қара жердің астындағы «қара алтын» қоры да таусылуға таяды. Шынымен де, мұнай таусылған кезде бүкіл әлем электр қуатымен қозғалатын көліктерге көшетіні айдан анық қой. Сондықтан мен бұл үрдіске алдын ала қамдана бергенді жөн санадым. Бүгінгі заманның көліктерін алсам, олар қазір гаджетке ұқсап барады. Көлікті әдеттегідей қолмен тізгіндеу де өткеннің еншісінде қалып барады. Өйткені, көлікті қазір компьютерлік технология басқарады. Тіпті, жақын болашақта көлікті адам емес, компьютер жүргізіп жатса, еш таңқалмаймын» дейді ол.

Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Related Articles

Back to top button