АЛАЯҚТЫҢ АРБАУЫ
Бүгінгі күннің «брендіне» айналған онлайн-несиенің несібесін көргендер бар ма? Ендеше, біз бүгін оңай олжаның оңы мен солын, бағы мен сорын таразылап көретін боламыз…
«Бірінші кредиттік бюро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен білгеніміздей, қазақстандықтарға жылда шамамен 100 миллиард теңгеден астам қарыз беріледі екен. Ал, қарапайым халық қарыз үстіне қарыз қосудан еш қаймықпайды. Өйтпегенде ше? Алыстан «ал» деп айқайлап тұрған онлайн-несиеден бас тарту оңай ма?
Оның үстіне, қазір банкке барып, ондағылардың бет-жүзіне үмітпен үңілудің де қажеті жоқ. Менсінбейтін менеджерді тағат таппай сағаттап күтуге де тура келмейді. Бар болғаны, үйден шықпай-ақ, ғаламтор бетіне «онлайн-несие» деген екі ауыз сөзді жаза қойсаңыз жеткілікті. Сол сәтте микроқаржы ұйымдары қара құрттай қаптап кетеді. Патша көңіліңіз қайсысын қаласа, сонысын қармай беріңіз. Олар құжат сұрап та қытығыңызға тимейді. Жұмыс орнынан анықтама, зейнетақы аударымдарын растайтын қағаз, несие тарихы туралы мәлімет дегеннің не екенін ұмытасыз. Жеке куәлігіңіз жеткілікті. Қалғанын қарыз берушілер қатырады. Осылайша, 5 минутта шекеңіз шылқып шыға келесіз.
Бай болған жақсы-ау, бірақ бүгін алған қарызды ертең қалай қайтарасыз? Міне, «даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, осы жерде түйткілді мәселелер туындай бастайды…
Жалпы, онлайн-несиені кімдер алады деп ойлайсыздар? Бұны білу үшін мамандар арнайы сауалнама жүргізіп көрген екен. Нәтижесінде, мұндай көмекке көп жағдайда банкке аяқтай барып несие рәсімдеген жандар жүгінеді екен. Сонда қалай болғаны? Бір қарыздан құтылу үшін екіншісін алу керек пе? Иә, дәл солай және бұл үрдіс белең алып бара жатқанға ұқсайды. Қарыз адамды құлға айналдыратынын психолог мамандар талай айтып жүр ғой. Бірақ, бір қарызды екіншісімен өтеу деген нағыз сұмдық жағдай! Бәлкім, сол онлайн қызметті ұсынатын ұйымдарды жаппай жапқан жөн болар?
Сенбесеңіз, су жаңа мысал келтірейік. Жуырда ғанаМедеу ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Малика Қасымова өз оқиғасымен бөлісіп, бізден ақпараттық көмек сұраған болатын.
– Мен екінші деңгейлі банктердің бірінен қарыз алған едім. Келісімшартта көрсетілген соманы уақытымен аударып жүрдім. Кенет жұбайым жол апатына түсіп, жалақымның бәрін ем-домға жұмсадым. Осы кезде ғаламтордан онлайн-несие жөніндегі жарнама жылт етті. Сөйтіп, онлайн қызмет арқылы 49 мың теңге алып, оны 72 мың теңге етіп қайтаруға келістім. Бірақ, бәрі ойдағыдай болмады. Мен бұл қарыздан да құтыла алмадым. Арада үш ай өтіп, алған ақшама өсімпұлдар қосылды. Ақыры, 142 мың теңге жоқтан бар болып шыға келді, – деген жас ананың жанары жасқа толып кетті…
Біздің қолымыздан бар келгені – жергілікті полиция басқармасымен байланысып, құқық қорғаушылардан қол ұшын беруді сұрадық. Өз кезегінде жергілікті полиция өкілдері аталған іспен прокуратура қызметкерлері айналысатынын айтты. Айтуларынша, бұл жерде қылмыстық істің қозғалуы неғайбыл. Өйткені, өз мүмкіндігін шамалай алмаған қарыз алушының өзі кінәлі. Алайда, арамызда онлайн-несие арқылы оңай олжаға кенеліп жүрген алаяқтар да жоқ емес.
– Біреудің жоғалған не ұрланған құжаттары арқылы шағын қаржы ұйымдарынан несие алатындар қазір қоянша көбейіп жатыр. Заң бойынша оларға қатысты қылмыстық іс қозғалуы керек. Көп жағдайда азаматтар өздерінің алданғанын коллекторлық ұйым қызметкерлері хабарласқанда ғана біліп жатады. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін бір ғана түсіндірме жұмыстарын жүргізе бергеннен ештеңе шықпайды. Тұрғындардың өздері де жеке құжаттарына мұқият болғаны жөн. Ондағы мәліметтерді қатаң құпияда сақтау қажет. Өйтпеген жағдайда, кибералаяқтың құрығына қалай түскенін де білмей қалады, – дейді полицейлер.
СӨЗ СОҢЫ
…Қазір қарап отырсақ, халықтың ақшасын бағып, қалтасын қаққан алаяқтар көбейіп кетті. Оның себебін алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бәріне қаржылық сауатсыздық кінәлі. Өйткені, сол ақшаны алаяқтардың алдына апарып беретін өзге емес, өзіміз емес пе?! Әрине, жұрттың бәрі экономист бола алмайды. Десек те, ақшаны басқарудың қарапайым қадамдарын білген кім-кімге де артық етпесі анық.