Қазақстандықтар «жалған» мұқтаждарға қанша ақша берген?
Түрлі күмәнді мақсаттарға ақша жинауға 138 банк картасы (краудфандингке) тартылған. Жалған көмек сұраушыларға 660 мыңнан аса қазақстандық өз ақшасын жолдаған, — деп хабарлайды brifing.kz порталы Tengrinews.kz тілшісіне сілтеме жасап.
Бұл туралы ҚМА алаңында Дмитрий Малаховтың төрағалығымен өткен Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) алдын алу және терроризмді қаржыландыру мен жаппай қырып-жою қаруын тарату мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңестің кезекті отырысы барысында белгілі болды.
«Жалпы жиналған қаржы сомасы 6 миллиард теңге болады, оның 33 пайызы (2 миллиард) алаяқтық белгілері бар. Әлеуметтік желілерде ұжымдық қаражат жинаудың қауіптері және оларды одан әрі мақсатсыз пайдалану анықталды», — делінген хабарламада.
ҚМА басшысы Малахов жосықсыз азаматтар «ем» және «жағдайы төмен адамдарға көмек көрсету» үшін қайырымдылық қызметі мен көмек көрсету түріндегі қаражат жинауды кедергісіз және бақылаусыз жүзеге асыратынын атап өтті.
«Олар ақшаны жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алуға, тұрмыстық шығындарға, букмекерлік кеңселерде бәс тігуге және шетелдегі қымбат пәтерлерді жалға алуға жұмсайды. Жанашыр азаматтардың жақсы ниеті, «жалған» мұқтаждар үшін оңай табысқа айналуы мүмкін».