Жаңалықтар

Ұлыбританиядан алғаш түркі тіліне аударылған қасиетті Құран кітабы табылды

Ұлыбританиядан Қазақстан тарихына қатысты құнды қолжазбалар мен құжаттар табылды,- деп хабарлайды brifing.kz порталы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының мамандары Ұлыбританиядағы ғылыми-зерттеу экспедициясы аясында Лондон, Оксфорд және Манчестер қалаларындағы кітапханалар мен архивтерге, ғылыми орталықтарға барды. Мамандар 15 қолжазба мен 500-ге жуық архив құжатының көшірмесін алды.
Манчестер қаласынан табылған құнды қолжазбалардың бірі – шамамен X-XII ғасырларда алғаш түркі тіліне аударылған қасиетті Құран кітабы. Түркі тіліндегі аудармасы Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білік» тіліне өте жақын. Кітаптың түркі-ислам мәдениеті үшін маңызы зор.
Сондай-ақ маңызды қолжазбалардың бірі – араб тілінде библиографиялық бағытта жазылған ортағасырлық еңбек. «Китәб мақалаат әр — Рафииъа фии усул ъилм ат-табииъа» (Табиғат ғылымының негіздері жайлы жоғары мақалалар кітабы) кітабында Әбу Насыр әл — Фарабидің өмірбаяны мен қолжазбалары туралы мәліметтер бар. Еуропалық зерттеуші ғалым Карл Броккельман өз еңбегінде қолжазба әл-Фарабиге тиесілі екенін атап көрсеткен.
Қазақстандық мамандарды Оксфордтың Бодлиан кітапханасынан ХІ ғасырдағы парсы тарихшысы Әбу Саид Абд-әл-Хайи-Гардизидің «Зейн әл-ахбар» еңбегі қызықтырды. Қолжазба 1049-1053 жылдар аралығында жазылған. Еңбекте 1032 жылға дейінгі парсы (исламға дейінгі) патшалардың, Мұхаммед пен халифалардың, сондай-ақ Хорасанның 1041 жылға дейінгі тарихы қамтылған. Үндістан, Азияның түркі тайпалары, орыстар, гректер арасындағы ғылым, дін, мерекелер туралы тараулар бар. Аталған қолжазбаның үзінділерін В.В. Бартольд «Моңғол шапқыншылығы дәуіріндегі Түркістан» және
«1893-1894 жылдардағы Орта Азияға сапар туралы есеп» еңбектерінде қолданған.
Ұлттық орталықтың қызметкерлері мен шетелдік ғалымдар қолжазбалар мен басқа да еңбектерге бірлескен зерттеулер жүргізуді жоспарлап отыр.

Related Articles

Back to top button