«Zhas project» аясында жобаны әзірлеуге 4 ай уақыт беріледі
NEET санатындағы жастар — бұл жұмыспен қамту және білім беру саласынан тыс, уақытша жұмыс істемейтін, білім беру ұйымдарында оқымайтын немесе кәсіптік даярлаудан, қайта даярлаудан өтпейтін жастар. Олар биыл еліміздің 20 өңірінде іске асырылатын «Zhas project» жобасына қатыса алады. 18 бен 35 жас аралығындағы азаматтардың проблемаларын шешуге бағытталған әлеуметтік жобаларға конкурстық негізде сомасы 1 млн теңгеге дейінгі шағын гранттар беру көзделген. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров Орталық коммуникациялар қызметі алаңында айтты, деп хабарлайды Brifing.kz.
Оның айтуынша, жобаға қатысушылар бірнеше критерийге сай болуы керек. Біріншіден, олар Қазақстан Республикасының азаматтары болуы керек. Жасы 18 бен 35 жас аралығында болуы шарт. Үміткерлер өтінім беру сәтінде өңір аумағында тұрақты немесе уақытша тіркелуге тиіс және де өтініш беруші өтінім берген сәтте уақытша тұрақсыз жастар мәртебесіне ие болуы керек.
«Әлеуметтік жобаларға қойылатын талаптарға қысқаша тоқталғым келеді. Жоба жергілікті қоғамдастықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталуға тиіс және 4 айдан аспайтын мерзімде іске асырылуы керек. Конкурс шеңберінде ҚР заңнамасына қайшы келетін және оның ішінде жобаны іске асыру барысында ақылы қызметтер көрсетуді/тауарларды сатуды көздейтін коммерциялық қызметке бағытталған жобаларға; құрылыс жұмыстарының немесе ғимараттарды реконструкциялау/қалпына келтіру жөніндегі жұмыстардың қандай да бір түрлерін; жергілікті мемлекеттік органдарға, өзге де мемлекеттік мекемелерге немесе үкіметтік емес ұйымдарға арналған жабдықтарды сатып алуды/жалға алуды көздейтін жобалар, сондай-ақ жер учаскелерін сатып алуды/жалға алуды, тұрғын үй сатып алуды/жалға алуды, автокөлік сатып алуды ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алуды көздейтін жобаларға қолдау көрсетілмейді», – деді спикер.
Шағын гранттарды іске асыру кезеңінде білікті жаттықтырушыларды, тәлімгерлерді, психологтарды және әлеуметтік жобаларды іске асыру, ілгерілету және дамыту жөніндегі мамандарды тарта отырып, жастарға заңгерлік және консультациялық қолдауды ұйымдастыру қамтамасыз етіледі. Айта кетерлігі, 2022 жылы бұл жоба 6 өңірде пилоттық режимде іске асырылған. Шағын грант 250 адамға берілген.