Орталық брифинг

2023 жылы 17 мыңнан астам азамат Отбасының цифрлық картасы арқылы МӘСҚ-тен әлеуметтік төлем алды

2023 жылы Отбасының цифрлық картасының көмегімен SMS-ке жауап беру арқылы 17 270 азамат Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер алу құқығын пайдаланды, деп Brifing.kz  хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Отбасының цифрлық картасы азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілді мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуға құқылы екенін жеткізіп отыратын «электрондық жаршы» қызметін атқарады.

Қазіргі уақытта ОЦК әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын қазақстандықтарға қандай да бір өтініштерсіз МӘСҚ-тен әлеуметтік төлемдердің мынадай 3 түрін ресімдеуге мүмкіндік береді: еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда, жұмысынан айырылған жағдайда, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер.

Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. SMS алған азамат оған келісімі жөнінде жауап беруі керек. Өтінішті ресімдеу және әлеуметтік төлемді тағайындау кейін алушының банктік шотына ақша қаражатын аудара отырып, автоматты режимде жүргізілетін болады.

Төлем алушының ұялы телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында тіркелген жағдайда, әлеуметтік төлемдер тағайындау бойынша қызметтерді проактивті форматта көрсетуге болады, оны egov.kz порталы арқылы жасауға болады.

2023 жылы ОЦК көмегімен 17 270 азаматқа МӘСҚ-тен әлеуметтік төлемдер тағайындалды.

Жалпы, өткен жылы шамамен 1,3 млн қазақстандық МӘСҚ-тен 750,7 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлем алды.

Related Articles

Back to top button