Жаңалықтар

Сарапшылар Mail.ru поштасынан бас тартуға кеңес беруде

Сарапшылар дағдарыс қайталана бермеуі үшін Gmail поштасына ауысуға кеңес берді, деп хабарлайды Brifing.kz.

Кейінгі кезде азаматтар электронды пошта жіберуде қинала бастады.Бұл жолы әңгіме еліміздегі шабан, үзікті интернет турасында емес.

Жаңа жылдың алғашқы айы аяқталар тұста, 30 және 31 қаңтар күні адамдар ресейлік mail.ru, rambler.ru сияқты электронды пошта сервистері арқылы хат-хабар алмаса алмай, әуре-сарсаңға түсіп, абыр-дабыр болды да қалды.

«Майл.Ру айтишілері жүйесін қашан дұрыс жолға қояды? Бұл масқара былтырғы қарашадан бері бой көрсетуде. Біресе, «Ошибка соединения», біресе «Нам не удаётся найти этот сайт» деп шығады. Соның кесірінен кеше есепті уақытылы жібере алмадым», – деп күйіп-піседі Алмагүл есімді пайдаланушы.

«Бүгін, 2024 жылғы 31 қаңтарда mail.ru қосымшасында және оның сайтында бұзылыстар жалғасты. Кейде тек қосымшасы ғана ашыладыда, компьютерде поштасы істемейді. «Майл.RU» тоқырауға ден қойғанға ұқсайды», – дейді Қанат есімді пайдаланушы.

Себебі кейін белгілі болды: бұл күні Рунет жұмысында кең ауқымды бұзылыс орын алған.

Қазақстандықтар, өзбекстандықтар, қырғызстандықтар тек е-поштажібере алмай әлек болса, солтүстік көршінің жұртшылығы «.RU»доменіндегі бірде бір сайтқа кіре алмай, пұшайман болды. РФ тұрғындарының шағымдары әлеуметтік желілер мен Телеграмды кернеп тұрды.

Бұл күні Ресейге шұғыл ақша аударғысы келген қазақстандықтар мен РФ азаматтарының тауы шағылып қайтты: банктер көрші жағы төлемді қабылдамайтынын жеткізген. Қазақстан тұрғындары да Ozon, Wildberries сияқты ресейлік маркетплейстер мен интернет дүкендерініңсайттары бір жүктеліп, бір үзіліп, жүйкені жұқартқанын айтады.

Рунеттегі кең ауқымды істен шығуды (масштабный сбой) РФ Байланыс, ақпараттық технологиялар және бұқаралық коммуникациялар саласындағы қадағалау бойынша федералдық қызмет (Роскомнадзор) мойындады.

Ведомствоның «Мониторинг сбоев» сервисінде Ресейде істен шыққан интернет ресурстардың және мессенджерлердің үлкен тізімі берілген. «Қара тізімде» YouTube, AliExpress-тен бастап, барлық дерлік интернет дүкендер, Яндекстің сервистері, Мәскеуден бастап, ұлттық республикаларға дейін байланыспен қамтитын телекоммуникациялық компаниялар (мысалы, Вайнахтелеком, Крымтелеком, Ростелеком, басқасы), банктер, ұялы байланыс операторлары және өзге көптеген компания бар.

2GIS сияқты автомобильдер мен жүргіншілерге арналған карталы навигаторлар да дүркін-дүркін бұзылды. Салдарынан, такси, тамақ жеткізу және курьерлік қызметтер тапсырысты апаратын адресті таппай састы.

Бұл теріс құбылыс тек бір күнмен шектелмеді. Ресейліктер түрлі форумдарда, әлеуметтік желілерде бұзылыстардың, ақаулардың былтырдан бері күрт көбейгенін хабарлады.

Мемлекеттік «Мониторинг сбоев» сервисін бақылаған сарапшылар кейінгі кезде істен шыға беретін ресейлік түрлі сайттардың саны күрт өскенін қаперге салды. Алайда билік бұған не себеп болғанын ашып айтпай отыр.

РФ ақпарат құралдары өз дереккөздеріне жүгініп, мұның мәнісін анықтауға тырысты. Олардың мәліметінше, «.RU зонасында DNSSECсынып қалды».

DNSSEC (Domain Name System Security Extensions) протоколыкриптографияларға негізделген цифрлық қолдың көмегімен DNS-тегі түпнұсқалықты тексерудің сенімділігін арттырады. Сөйтіп, DNS-адрестерді алмастыру арқылы жүзеге асырылатын кибершабуылдар қаупін төмендетеді.

Осылайша, Рунетті пайдаланушыларды сұратқан қажетті сайтына бағыттайтын домендік атаулардың қорғанысы жаппай бұзылғансыңайлы.

«Егер рунеттік домендер тосыннан жұмыс істемей қалса, бұған сіздің интернетіңіздің де, провайдеріңіздің де еш кінәсі жоқ. Болжам бойынша, әлдекімдер бүкіл домендік аймақтың DNSSEC хаттамасын өзгертіп тастаған», – деген түсініктеме берді Zavtracast телеграм-арнасы.

«Сетевые свободы» сарапшылары, керісінше, ақауларға ресейлік биліктің әрекеті айыпты болуы мүмкін екенін тұспалдады.

«Ресейлік билік елдегі барлық пайдаланушыларды ұлттық DNSсерверге ауыстырып шығуға тырысатынын бұрыннан ескерткені мәлім. Дәл қазір сол әрекет іске асырылып жатса керек. RU зонасындағы қаптаған сайттардың адыра қалуына дәл сол жұмыс ықпал ете алады», – деген пікір білдірді оның сарапшылары.

«.RU/.РФ» домендерінің Үйлестіруші орталығы журналистерге ақаудың бүге-шігесін ашпады, тек проблеманы жою бағытында белсенді жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Орталық сарапшыларының түсіндіруінше, жаппай бұзылыс DNSSEC жаһандық инфрақұрылымындағы проблемамен байланысты.

РФ Цифрлық даму министрлігі Рунеттегі сыпыра істен шығудың болғанын жасырмады және қолжетімділік барынша жылдам қамтамасыз етілетініне уәде етті.

Қазіргі кезде RU доменіндегі сайттардың көбі, соның ішінде ресейлік электронды пошта сервистері қайтадан іске қосылды.

«Технологии доверенного взаимодействия» біліктілік орталығы директорының орынбасары Руслан Пермяковтың бағалауынша, тек бір күнгі ақаудың шығыны жарты миллиард рубльге дейін құрайды.

Бұған мысалы, көрсетілмеген қызмет, өтпеген төлем түріндегі уыстан шығып кеткен кірісті қосқанда, жанама шығындар миллиардтап саналатыны даусыз.

«DNSSEC жаһандық инфрақұрылымындағы техникалық проблема «.RU» аймағындағы сайттарға қолжетімділіктің жоғалуына соқтырды.Бұл проблема жойылды. Дегенмен, домендік атаулар жүйесіндегі жаңартылған деректер толық тарағанша, DNS жұмысындағы бұзылушылықтар ары қарай да біраз уақыт бой көрсетуі мүмкін. Біз сіздерді одан әрі хабардар етіп отырамыз», – деп мәлімдеме жасады РФ Цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрлігі.

ІТ-технологиялар маманы Андрей Бородин рунет аймағында жаппай бұзылыстар бірінші рет тіркеліп отырмағанына назар аудартады.

«Салдарынан, Mail.ru, Рамблер, Яндекс.Почта және басқасының сенімділігі жыл санап тек төмендей береді. Олардың ақырын, күйреуінкүтіп, қарап отырмай, Gmail және басқа шетелдік электронды пошта сервистеріне қазірден көшіп алған жөн. Мысалы, Gmail-дің қорғанысы сенімді, интерфейсі түсінікті, ақылды функциялары да бар. Оның күнтізбесі жұмыс күніңізді, демалысыңызды жоспарлауға мүмкіндік береді. Тиісті күнге алдағы кездесулеріңізді тіркетсеңіз, сол туралы есіңізге салып тұру қызметі бар. Google Chat, Google Meet сияқты қосымша құралдары арқылы тиімді қарым-қатынасты жолға қоя аласыз. Мұны түсіндіру үшін айтып отырмын. Ал ресейлік электронды пошта сервистеріндегі хаттарыңыз, құжаттарыңыз «сырт көзден»қорғалмаған. Оған міне, кең ауқымды бұзылыстар қосылуда», – деді Андрей.

Ол Батыстың жоғары технологияларға қатысты санкциялары да Ресейде бұл саланың кері кетуіне түрткі болатынын ескертті. Айталық, бүгінде РФ-тағы интернет жылдамдығы қатты құлдырап кетті.

Жалпы, хат алмасулардың құпиялылығы мен сенімділігі бірінші орында болса керек. Бұл тұрғыда ресейлік е-пошталар арқылы жіберілген хат-хабарлардың уақытында жетпеуі, тіпті мүлдем жеткізілмеу деректері де көбейген.

Бұл да қазақстандықтарды мықтап ойласуға итермелесе, құп.

Related Articles

Back to top button