«ЖАҢА ӨМІР» БАСТАЛДЫ…
Ойынқұмарларға қолдау орталығын ашу идеясын Нұртас Нұрғалиұлы және Тимур Рамазанов ұсынған. Бұған себеп қос азамат та бұрын құмар ойынның зардабын тартқан.
Ұсынылған жобаға «Respublica» партиясы қолдау көрсетіп отыр. Қазіргі таңда орталық қарқынды жұмыс атқаруда.
– Әлем лудоманияның ауру екенін анықтады. Өкінішке қарай бұл психологиялық дертті емдейтін ешқандай дәрі-дәрмек жоқ. Құмар ойынның соңы өз-өзіне қол жұмсауға әкеп соғуда. Өткен жылы елімізде 3676 суицид тіркелсе, мұның 40 пайызы лудомандар. Қазіргі уақытта қолдау орталығында 11 азамат психологиялық қолдау көріп, маман кеңестерін алуда. Барлығы анонимді түрде өтеді. Бір қызығы 90 пайыз лудомандар есепті шемішкеше шағатын азаматтар. Осы жағы бізді таңғалдыруда.
Бүгінге дейін «Respublica» партиясының құрылтайшысы, Парламент Мәжілісінің депутаты Руслан Берденовтің бастамасымен ойынқұмарлыққа қарсы заңнамаларды өзгерту жөнінде бірқатар ұсыныс айтылды. Соның нәтижесінде алғашқы жемісті жұмыстардың бірі – көшелердегі лотоклубтар жабылды. Ендігі мақсат – құрдымға кетіретін түрлі ойындар мен букмекерлердің жарнамаларына тосқауыл қою. Интернет желілерінде де мұндай жарнамалар «менмұндалап тұр». Осының барлығына заңмен шектеу қойылса игі.
Көпшіліктің сана-сезімін оятып, Еуропадағыдай қаржылық сауаттылықты арттыру керек. Құмар ойындардың жетегінде емес, ғылым-білімге баса ден қойып, түрлі кәсіптің тұтқасын ұстаған жастардың көп болғанын қалаймыз. Осы мақсатта «Жарқын өмір» жобасы өзінің нәтижесін береді деп сенемін, — дейді «Respublica» партиясының мүшесі Талғат Ағысов.
Айта кеткен жөн, елімізде 10 ажырасудың 7-еуі лудоманияның кесірінен орын алуда. Әрбір алтыншы қылмыскер де құмар ойынға қаражат іздеп, шалыс басқандар. Ал, бір жылда 3607 суицид тіркелсе, оның 20 пайызы лудомандардың қатысуымен болды. Бұл – тіркелген ресми дерек. Себеп-салдарын жасырып, есепке алынбағандары қаншама? Сондықтан бүгінде тығырыққа тірелген жастардың ақыр соңында өз-өздеріне қол жұмсап жатқаны белгілі бір топты ғана емес, бүкіл қоғамды алаңдатуы тиіс!
Қолдау орталығына келген азаматтарға жеке-жеке көңіл бөлініп, отбасылық психолог көмегімен қатар, заңгер мамандарымыздың кеңесін алуына болады. Бір қызығы — мұндағы методикалардың барлығын бұрынғы құмар ойыншылар енгізген.
– Менің құмар ойынның арбауында болғаныма 12 жыл болды. Алғашқы бәсімді 9 сыныпта тігіппін. Өкінішке қарай, бірінші бәсім жеңісті болып, оның эмоциясы 12 жылға созылды. Отбасымның, достарымның алдындағы абыройдан арылдым. Екі мәрте өз-өзіме қол жұмсамақ болдым. 2021 жылы өзімнің «лудаман» екенімді мойындап, арнайы мамандарға қаралып, қазір бұл теріс қылықтан толық қош айтыстым. Дерттен айығудың алғашқы қадамы – өзіңді мойындай білу. Шынымды айтайын, құмар ойынға әуестігім мектеп кезінен басталды. Оқушы кезімде футбол ойнап, командаларға жанкүйер болуды өте жақсы көрдім. Бұл қызығушылық «ойынға қатыстының бәрін білемін» деген менмендікке әкелді де, ең алғаш он мың теңгені ойланбастан бәс тігуге салып жібердім. Сол кезден басталған құмар ойынға құмарту 12 жылға созылды.
Қомақты қаржыға кенелген кездер болды, әрине. Бірақ бұл соманы есепшоттан алып, басқа мақсатқа қолдану үшін санаға мұндай ойдың келе қалуы екіталай. Әп-сәтте барынша қаражатты түсірмей, оны қайтадан бәс тігуге салып, бұдан да жоғары сома ұтамын деген пікір сананы билеп алады. Қазір ойлап көрсем, он екі жылдың ішінде ұтқан ақшаны бір рет қана шоттан түсіріп алып, ұялы телефон мен киім-кешек сатып алған екенмін. Содан басқа уақытта ұтыс ақшаны қайтадан бәстесудің айналымына салып отырыппын.
Ойын кезінде ұтылған қаражаттың сомасы өте көп. Сол сәтте өз-өзімді сабырға ғана шақырып, «Нұртас, келесі ойында міндетті түрде еселеп табысқа жетесің. Қорықпа, алға бас!» деп өзімді жігерлендіретінмін. Қарызға әбден белшеден батып, жан-жақтан адамдар ақшасын қайтаруды сұрағанда ғана тұйыққа тірелгенімді түсініп, қатты күйзеліс пайда болды. Сонда да бұдан шығудың жолы тағы да қаржы тауып, букмекерге баруға тәуекел етіп, байып алу деп түсіндім. Соның жетегінде жүргенде уақыт өте берді. Ақыры үйімнен де, көлігімнен де айырылдым. Ал жұбайым мұндай тірлікке шыдай алмағандықтан ажырасатынын айтып, үйден кетіп қалды. Ата-анам да қатты күйзеліске түсті. Мұның барлығын жеңіп шығатын жол таппай, өзіме қол жұмсауды да ойладым. Кенет есімді жиып, «осы мен не істеп жүрмін, бұл өзі қандай жол?» деп ойлағанда ғана құрдымға кетіп бара жатқанымды ұққандай болдым. Әр адамның жанды жері болады ғой, менің қорқынышым – сүйіп қосылған өмірлік махаббатымнан ажырап қалу. Сол кезде қайткен күнде де тығырықтан шығар жол тауып, отбасыммен бірге боламын деген ой санамда тұрды. Түзу жолға түсуге шешім қабылдадым. Әрине мұны жеңу де оңай болған жоқ. Бірақ адамның түйсігіне бір нәрсе жетсе, оны түрлі амал-әрекеттермен емдеуге әбден болады екен.
Бір ескеретін тұсы, бұл да медицинадағы түрлі дерт секілді созылмалы болғандықтан, адамға ерекше күтім керек. Арнайы орталық мамандарының ақыл-кеңесімен бірге өзіңнің жан-дүниеңмен, сана-сезіміңмен күресу қажет. Жүрекке салмақ салатыны, ойынның құрсауында жүріп, қалтамда ақша бола тұра сырқат баламның еміне қаржы бермегенім. Осы қателігім әлі күнге дейін өзегімді өртейді. Себебі сол уақытта есіл-дертім құмар ойыннан қомақты қаржы табу ғана еді.
Осыдан жыл жарым бұрын алматылық бір жас жігіт хабарласты. Қатты күйзеліп тұрғаны соншалық, тұтқаның арғы жағында не айтып, не істеп жатқаны түсініксіздеу болды. Сол бойда мекен-жайын анықтап, лезде үйіне барсам, лудоманияның құрбаны болған ол өз-өзіне қол жұмсауға асыққан. Оның дарға асылғалы тұрған жерінен құтқарып үлгердім. Сонда дер кезінде оның үйіне жеткеніме қуандым. Қоғамда ойынқұмарлықтың аса қауіпті дерт екенін кеңінен насихаттап, проблеманың алдын алу керек. Әсіресе жастардың арасында профилактикалық жұмыстар жүргізіп, ойыннан от шығатынына көз жеткізу – басты мақсат.
Лудоманиямен шет елдерде қалай күреседі десек, мәселен, бұл бағытта АҚШ-та заң қатаң. Бір айырмашылығы, онда «ойын жауапкершілігі» деген ұғым бар, соған сай зардап шеккен адамның жауапкершілігін ойынхана ұйымдастырушылары өз мойнына алған. Мәселен, суицид бола қалса, себеп-салдары қатаң тексеріледі. Егер ойынхананың кінәсі дәлелденсе, оның басшысы қалың бұқараның алдына шығып, кешірім сұрайды және барлық жауапкершілікті өз мойнына алады. Өкінішке қарай, Қазақстанда мұндайдың еш тетігі жоқ.
Әр ойыншы әуелі өзінің әлсіздігін саналы түрде мойындай білуі керек. Сол қадам арқылы жасалған амал-әрекеттердің нәтижесі тығырықтан шығуға көмектеседі. Әлі оң-солын танымайтын, телефонға телміріп, түрлі ойындарға әуестенген жасөспірімдердің оған салынып кетуі әбден мүмкін. Мұның алдын алу үшін ата-ана мен бала арасындағы махаббат пен сүйіспеншілікті арттырып, отбасылық тәрбиенің әрбір тетігіне баса мән беру әдетке айналуы тиіс. Жақында Санжар Керімбайдың «Қуыс кеуде» атты кітабын оқыдым. Ондағы негізгі ой – еңбекпен тапқан нан қашан да тәтті, оңай ақша олжа емес. Сондықтан осының барлығын бала жастан санасына сіңіре түскен игі. Бұл – бүгінгі күннің талабы, өмірдің заңы! – дейді Нұртас Нұрғалиұлы.