Жаңалықтар

«ЖОЛДА БАТПАН ҚҰЙРЫҚ ЖАТПАЙДЫ»

Қолымыздағы деректерге сүйенсек, Қазақстанда ең алғаш рет онлайн-несие 2014 жылы рәсімделген екен. Бүгінде бұл қызметпен елімізде екі мыңнан астам компания айналысады. Бір жылдың өзінде 1 миллионға жуық келісімшарт жасалады екен. Осылайша, 300 мыңға жуық тұтынушы онлайн-борышкер атанады.

Мәселенің мәнісін тереңірек түсіну үшін біз алаяқтардың құрбаны болған жандарды сөзге тартып көрдік. Солардың бірі – Әуезов ауданының тұрғыны Сәуірбек Ақшабаев енді несие алмауға ант етіпті. Ол соңғы уақытта микроқаржы ұйымдарынан гөрі екінші деңгейлі банктердің көмегіне көбірек жүгінеді екен.

– Бір күні үйге келсем, есігіме қағаз қыстырылып тұр. Онда менің 120 мың теңге қарыз алып, төлемей жатқаным жазылған. Дереу көрсетілген мекен-жай бойынша хабарласып, мән-жайын сұрадым. Сөйтсем, менің атымнан біреу несие рәсімдеп, ақшасын банкомат арқылы түсіріп алыпты. Ал, ондағы бейнежазба тек екі ай ғана сақталады екен. Шағын қаржы ұйымы егер қарызды қайтармасам, оны сот орындаушылар өндіріп алатынын ескертті. Оның үстіне, қарыз сомасының үстеме пайызы өсіп, жарты миллион теңгеге жақындап қалыпты. Бұл мәселеге орай, құқық қорғау органдары шұғыл тексеріс жүргізді. Нәтижесінде, жалған несие тарихындағы жеке мәліметтер менікімен сәйкес келмеді. Тіпті, көрсетілген телефон нөмірі де басқа. Несиені растау жөнінде ешқандай хабарлама келмегені де сондықтан, – деп ақтарылды аузы күйген азамат.

Несие алған жағдайдың өзінде, оның дұрыс рәсімделгеніне көз жеткізу керек. Бұл туралы толығырақ тәуелсіз экономист-сарапшы Айгүл Кеңесқызы айтып берді.

 «Мәселен, сіз 30 мың теңге қарыз алдыңыз. Оны рәсімдеу барысында келісімшартпен толық танысып шықпадыңыз делік. Көп адам осындай олқылыққа жол беріп жатады. Өйткені, келісімшарттағы ұсақ та ұзақ жазуды оқуға ешкімнің зауқы соқпайды. Ал, тура бір айдан соң сізге «48 мың теңге төлеңіз» деген хабарлама келеді. Амал жоқ, қанша пайыз үстемақы қосылса да, төлеуге мәжбүр боласыз. Сондықтан кредит алмас бұрын жеті рет өлшеп, бір рет кесіңіз» дейді ол.

Өкінішке орай, жеке мәліметтер ғаламторда кеңінен таралған. Мұны тоқтату мүмкін емес. Оның салмақты себептері де бар. Жеке куәлік үлгілері электронды үкімет жүйесінде сақтаулы тұр. Солардың скан-көшірмесін түсіріп алу алаяқтар үшін түк емес.

Экономика ғылымдарының докторы, профессор Бақтыбек Жұбандықұлының сөзіне сенсек, шағын несие беретін ұйымдар қазір қарыз алушыдан суретке түсуді де талап етпейді. Бұл не деген сөз?

– Менің ойымша, онлайн қарыз беретін мекеме қызметкерінің кей әрекеті көңілге күдік ұялатады, – дейді ол. – Мәселен, тұтынушының фотосуретін сұрамау – нағыз сорақы нәрсе. Мұның екінші жағы да бар. Кей жағдайда сондай қызметкердің қылмысқа қатысы бар болып шығады. Ондайлар борышкердің қолын өзі қойып, ақшасын аударып алады. Сондай-ақ, қоғамдық орындарда «тегін дисконттық карта ашамыз» деп жалған жомарттық танытушылар да жолығады. Олар сауалнама толтыру керек деген желеумен жеке мәліметтерді жымқырады. Кейін соның негізінде біреудің атынан кредит рәсімдейді.

…Кейде несие беретін адамды да мұқият тексеріп алу керек. Себебі, несие беруші мен алаяқ сыбайлас болуы әбден мүмкін! Сонда «кімге сенеміз?» деген сұрақ туындайды. Шамасы, қазір, Абай атамыз айтпақшы, өзіңді алып шығар өзіңе ғана сенетін заман болып тұр-ау. «Бір кем дүние» деген осы шығар, сірә…

 

Related Articles

Back to top button