Жасыл желек-жанға сая
Алматыда жергілікті билік ауылшаруашылық алқаптарын суару мәселесін шешуге ниетті. Бұл – жергілікті эколог-сарапшы Айдын Нұрахметовтің пікірі. Оның ойынша, жасыл бақты жақсы бизнеске айналдыруға болады,-деп хабарлайды brifing.kz
– «Жасыл елде» тұрғысы келетін адам алдымен өз ауласын жасыл желекке жайқалтуы керек, — дейді ол. – Өйткені, үлкен үй кішкентай кірпіштен қаланады емес пе? Бар мәселе мол мүмкіндікті пайдалана алмауымызда деп ойлаймын. Біз, алматылықтар, жаз мезгілінде күн күйіп кетеді деп байбалам салып жатамыз. Ал, сондай жылы климатқа зар болып отырған елдер бар екенін елемейміз.
Мәселен, шекаралас Ресейдің немесе еліміздің солтүстік аймақтарын алайық. Кезінде ресейлік әзілқой саясаткер Евгений Жванецский Свердловск (Екатеринбург) аймағын жаз бойы қызанақ қызарып үлгермейтін аймақ деп көрермендерді күлдіруші еді. Шынымен де солай болған соң, жағдайдың анығын айтқан ғой. Ал, біз соған мәз болып күлетінбіз. Белоруссияда да жаздыгүні үнемі жаңбыр жауады, күннің көзі аз түседі. Бірақ, тұрғылықты халқы өте еңбекқор болған соң ба, егін мен мал шаруашылықтары жақсы дамыған.
Ал, бізде қалай? Қызанақ уақытынан бұрын пісіп, жинап алмаса су болып ағып кетеді. Кейін оны қоқысқа тастай саламыз. Егер одан «томат» немесе «кечуп» пастасын дайындаса, зор сұранысқа ие болар еді ғой!
Расымен де, маман сөзінің жаны бар. «Томат» демекші, ресейліктер қонақ келсе біз сияқты қой сойып шығындалмай, томат қосылған сорпа ұсынады. Бұл да болса үнемдеудің бір тәсілі. Айтпақшы, әлгі Свердловскіден жақында кәсіпкерлер келіп, біздегі бақша өнімдеріне қызығушылық білдіргені бар. Олар жергіліктікәсіпкерлердің көкөністерін сатып алуға, шаруаларға келісімшарт негізінде ақы төлеуге дайын екендерін де жеткізді. Неге дейсіздер ғой? Себебі, осындағы өнімді өздері өңдеп, сауда нүктелеріне ұсынуды ойлап отыр. Анығын айтқанда, картоп, қызылша, сәбіздердің сыртын аршып, жуып, бөлшектейді. Сөйтіп, вакуумдық тәсілмен целлофанға орап, сатылымға шығарады. Табылған ақыл емес пе?
Көршілерден қай жеріміз кем?
Енді Алматының ауа райына қайта оралсақ. Мұнда тұщы судың мол қоры күріш өсіруге өте қолайлы. Мұнда көп жылдан бері жер астынан жоғары қысыммен су атқылап жатыр. Соны неге мал шаруашылығына пайдаланбасқа? Балық тоғандарын ашса да болады. Сала жанашырлары бұл бастаманың біраздан бері көтеріліп жүргенін айтады.
– Сонау тоқсаныншы жылдары 2500 гектар аумаққа күріш өсіру бағытында арнайы жоба жасақталған еді. Ол «Рисводстрой» мекемесі арқылы қаржыландырылатын. Сөйтіп, ирригациялық коммуникация салу жұмыстары жүргізілді. Кейін темір құбырларды жергілікті тұрғындар қолды қылды, су жүйелері жабайы түрде әлі де бұзылып жатыр. Сондықтан алдымен тұрғындармен түсінік жұмыстарын жолға қойған жөн сияқты.
Мәселен, Ресейдің бір ғана Астрахан облысында 3500 гектар жерге күріш егіліп, әр гектардан 60 центнер экспорттық әлеуеті зор таза өнім алынып жатыр. Оны былай қойғанда, 60 балық өсіру тоғаны жұмыс жасайды. Ол жақтың да климаты біздікіне ұқсас, су тапшы, ауа құрғақ. Бірақ, шаруашылыққа кедергі болып жатқан жоқ қой. Кешегі кеңес заманында да ауа райы бүгінгідей болды емес пе? Соған қарамастан жетпісінші жылдары өңірден 200 тонна қарбыз бен 100 тонна жуа өнімдері экспортқа шығарылып тұрды. Саяжай алқаптарын есептемегенде, шаруашылықтарда мың гектарға жуық алқапта көп жылдық жеміс-жидектер өсірілетін, — деп еске алады бұрынғы бағбан, бүгінгі зейнеткер Салауат Исаев.
Шынымен де, бұрын қазіргідей нарықтық қатынастар дамыған жоқ. Шет елдермен шектеулі бағамен ғана тауар алмасуға болатын еді. Сонда да егін егілді, жасыл бақтар жайқалып тұрды. Ал, бүгін соның бәрін тек мұражай сөресінен тамашалайтындай қауіп төніп тұр… Ендеше, оның алдын алу үшін не істеу керек?
Сондай-ақ, жер телімі бар тұрғын үйлердің ауласы мен көше бойына тамшылатып суару құбырларын пайдалануға болады. Бір артықшылығы, су өсімдіктің тамырына құйылады, ал, су бармаған жерге артық өскіндер өспейді. Сол сияқты, су крантын ашып-жабудан басқа ауыр жұмыс жоқ. Бұл шағын егін өсіретін тұрғындарға өте қолайлы. Алматылық жастардың ізденісімен ашылған тағы бір жаңалық – фертификациялық қондырғы арқылы минералды тынайтқыштардың көлемін есептеуге болады. Осылайша, суды да, тынайтқышты да, уақытты да үнемдей отырып бау-бақшадағы жұмыстың жемісін көруге болады.
Көшедегі көшеттердің кемшілігі көп
Енді Алматыдағы көшет отырғызу науқаны туралы айтсақ. Бір кездері «Тамаша» театрында қойылған Болғанбай апай жайлы интермедия есіңізде ме? Онда жергілікті кәсіподақ өкілі ардагердің үйіне барып «сценарий» бойынша туған күнімен құттықтап гүл беретін еді ғой. Сол қойылымның авторы Маңғыстаудың қарапайым шаруагер тұрғыны болатын. Ендеше, бүгінде, сол «сценарий бойынша» тал егуді тоқтату керек.
Себебі, жасыл желектің жарамдылығына ешкім назар аудармайды, бұл – бір. Ал, екіншіден, отырғызылған ағашты аракідік суарып, соңына дейін күтіп-баптау керек, бұл – бөлек әңгіме. Соңғысы, жеміс теректерін еккен анағұрлым тиімді екенін ешкім елемейді…
Жалпы, егін шаруашылығын сөз еткенде, агрономдардың сөзіне сүйенген болып, маман тапшылығын «сыныққа сылтау» қыла қоямыз ғой. Алайда, істі сөзбен атқаруға болмайды. Бүгінде бәріміздің қолымызда бір-бір телефоннан бар. Соны алып, ғаламтор желісіне кіре қойсаңыз, ойлағаныңыз іздемей-ақ табылады. Оның ішінде білікті мамандардың да, қарапайым адамдардың да пікірлері толып тұр. Тек соларды жүзеге асырсаңыз жетіп жатыр.
Ал, біз бұл ретте, жоқтан бар жасап есімі шартарапты шарлаған егінші австриялық неміс Зепп Хольцердің тәжірибесіне тоқталғанды жөн көрдік. Ғаламтордағы мәліметтерге сүйенсек, ол қазір өз елінде теңіз денгейінен 1500 метр биіктікте суптропикалық дақылдарды өсіріп жатыр. Ғажап демей немене?! Өндіріп жатқан өнімдері адам сүйсінтеді.
Әлгі немістің білгірі экологиялық мәселені қалай шешуге болатынын «ютуб» желісінде егжей-тегжейлі баяндап берген. Сонымен, ол не ойлап тапты? Алдымен, ойпаттау жерлерді траншея ретінде қазған. Сөйтіп, сол шұңқырларға кесілген теректер мен ескі ағаш бөліктерін және картон сияқты қолданыстан шыққан заттарды топырақпен көмген. Үйіндінің үстіне жеміс ағаштарын отырғызып, оларды тамшылатып суарған.
Сонда не болды дейсіз ғой? Көмілген заттың бәрі де пайдалы қалдық есебінде топырақты құнарландыра түскен. Ал, салқын түскен кезде органикалық заттар ыдырап, биологиялық үрдіс жүрген. Осылайша, топырақтың температурасы ретке келген. Одан әрі тіптен қызық қимылдар жүзеге асқан. Мәселен, жерге көмілген қалдықтар артық суды бойларына сіңіріп, ылғалдың мол қорын қалыптастырған. Қуаңшылық кезінде жеміс ағаштары сол қордан қоректенген екен.
Сөйтіп, қалдықтар әбден шіріп, дап-дайын құнарлы органикалық тыңайтқышқа айналған. Ал, егер ағаштың астына темір бөлшектерін көмсек, не болады? Онда, оның үстінде өсіп-өнген жемістің құрамы адам ағзасына қажетті дәрумендерге бай болады. Айтпақшы, аз алқаптан мол өнім жинауға мүмкіндік беретін де тәсіл бар. Ол «метлайдер» деген атаумен жұртшылыққа жақсы таныс.
Жеміс ағашы – жанға сая
Біз мұның бәрін не үшін айтып отырмыз? Яғни, Алматыда егіншілікпен айналысуға да мүмкіндік мол. Тек тұрғындар осы сөзге мол мән беріп, зор сенім артса ғой… Бұл біз тапқан ақыл емес, мамандар жасаған мәлімдеме. Демек, «жасыл экономиканы» жүзеге асыру әр тұрғынның өз қолында деген сөз.
Сонымен, әлгі көшеттерімізге кері оралсақ. Оларды қайдан табуға болады және қандай түрін таңдаған дұрыс? Біз бұл сауалды қазыналы аймақтың ауылшаруашылық саласына көп жыл жетекшілік жасаған білікті маман Аяпберген Өтемісұлына қойдық.
– Егер жергілікті жеміс бағынан жас тал тапсаңыз, тіпті тамаша, — дейді ол. – Болмаса, жоғары орналасқан климаты суық солтүстік аймақтардан алған абзал. Қалай болғанда да, өсімдіктер әлемінде «географиялық белдеу ендігі» деген түсінік бар. Сол бойынша біздің өңір 47-48 белдеу ендігіне жайғасқан. Сондықтан бізге Белоруссия, Польша, Италия елдерінен көшет әкелген дұрыс. Әрі, бұлар түрлі вирустық жұқпалы ауруларға да төзімді келеді. Сондықтан олардың сертификаттары мен құжаттарының болуын қатаң қадағалау қажет. Сонда алған ағашыңыз да соғұрлым өнікті өседі.
Бұлардың тағы бір қасиеті, тамырының тереңше жайылмауы. Бізге керегі де сол емес пе? Себебі, біздің жердің асты ащу суға толы. Ал, «арзан ғой» деген желеумен оңтүстіктен жеткізіліп жатқан жабайы алма ағаштары суыққа төзімсіз келеді. Алайда, бір өсімдік жақсы өседі. Бұл – жүзім көшеті. Оны қысқы мезгілде жылы жабындымен жауып қойған жөн.
Көкжидектен – керемет кәсіп
Осы орайда, арнайы Белоруссия бақтарынан көшет алдыратын бағбандар Алматыда да бар. Көңіл көншітерлік жайт. Тек солардың қатары көп болса екен дейміз. Десек те, тағы бір маңызды мәселені ескерген жөн. Жер шары бойынша 47-48 белдеу ендігіндегі климаттық жағдай бірдей емес. Айталық, таулы мен шөлді аймақтағы ауа-райының арасы жер мен көктей. Мысалы, таулы жерлерде жаңбыр жиі жауатындықтан ылғалдың көбеюінен ол аумақ суптропикалық ортаға айналады.
Сол Белоруссияда арнайы торфта, яғни, шымтезекте көкжидек өседі. Онда топырақ қышқылдығы қалыпты мөлшерден (РН 4-5) аспайды. Көкжидек – адам ағзасындағы оксидантқа қарсы бірден-бір ем көзі. Әлгі шымтезекті түркиялық кәсіпкерлер мұхит жағасында өсіріп жатыр. Ал, грузиялық бағбандар бұрынғы шай өсіретін алқаптарын толығымен жыртып тастап, орнына осы көкжидекті өсіріп отыр. Бұл жемісті Алматыдан да таба аласыз. Дәлірек айтқанда, оратлық базарларда 2 мың теңгеге 125 грамм жидек алуға болады. Ал, оның бір килосының бағасы жылқының бірнеше кило ет-қазысынан кем түспейді. Айтқымыз келгені, дәл осындай бизнесті бізге де жасауға болады…
Міне, осы айтылғандарды ескеріп, жасыл бақты жайқалтуға әбден болады. Сөйтіп, табиғи таза өніммен өз отбасыңызды асырай аласыз. Ала жаздай кептірген құрғақ жемістен компот сусынын немесе басқа да өнімдер дайындауыңызға болады. Сусын демекші, бүгінде сауда сөрелерінде сатылып жатқан шырындарға шілденің шіліңгірінде шыбын қонбайтынын байқауға болады. Бұл олардың табиғи өнімнен айтарлықтай алшақ жатқанын аңғартады. Нағыз табиғи алманың ішінде құрт болуы тиіс деген де тәмсіл бар. Тіпті, керек деп тапсаңыз, өзге тұрғындарды да жергілікті өніммен қамтып, бизнес жасауға бөгет жоқ. Тек Абай атамыз айтпақшы, «ынталы жүрек пен шың көңіліңіз» болса жеткілікті.
Балконда бақ өсе ме?
Қарапайым көгалдандыру жайы қозғала қалса, «бұл үшін арнайы егіс алқабы керек» деген уәждер айтыла бастайды. Осы орайда, алыстағы ауыл-аймаққа бармай-ақ, қаланың қақ ортасында егін егіп отырған жандар барын еріксіз еске салуға тура келеді. Тіпті, балконда да бақ өсіріп жатқандарды көргенде, сүйсінбеске шараң қалмайды. Балконды былай қойғанда, көпқабатты үй тұрғындары өз ауласында бір-бір жеміс ағашын жайқалтуына болады ғой!
Міне, сондай жандардың бірі – Алматы қаласындағы №56 үйдің тұрғыны – Нұргүл Әлімқұлова. Ол аядай аулада өсіріп жатқан гүл бағын күн сайын күтіп-баптап отырады. Жасы сексенге жақындаған ардагер ұстаз әлі тың. Кезінде білім беру бөлімін басқарып, мектеп директоры болған ол зейнет жасына жеткен соң гүл өсіруді қолға алғанын айтады.
– Жалпы, жасыл желекке жаны құмар адам күн сайын таза ауамен тыныстап отыруға мүмкіндік алады. Сөйтіп, денсаулығы жақсарады, көңіл-күйі де көтеріңкі болады. Бұл, әсіресе, қала тұрғындары үшін өте пайдалы. Өйткені, олар көп уақытын ғимараттар мен кеңсе ішінде өткізеді. Тіпті, сол кеңседегі гүлдердің өзін суаруға уақыт таппай жатады.
Ал, бұрынғы кездері кеңсе жұмысшылары бір сәт кабинеттен шығып, табиғат аясында арнайы үзіліс жасаушы еді. Қазір ондай жоқ. Өйткені, уақыт тапшы. Сондықтан, демалыс күндерін үйде емес, сыртта, әсіресе, тал-теректің саясында өткізген тиімді. Мәселен, біз отбасымызбен бос уақытымызды гүлдерді күтіп-баптаумен өткіземіз. Тоқсан жасқа таяп қалған жолдасым екеумізді осы маңдағы тұрғындардың бәрі біледі, — дейді ол.
Балкон дейміз-ау, бір бөлменің ішінде құлпынай құлпыртып, жапырақ жайқалтып отырғандар да бар. Тек терезеден күн сәулесі түсіп тұрса, соның өзі жетіп жатыр. Осындай игі істі иіріп отырған алматылық тұрғын Нұрбибі Алпамыс құлпынаймен қатар авокада мен лимон өсімдігінен де өнім алады екен. Оның айтуынша, сырттан саудаланып жатқан жеміс-жидекті өзімізде де өсіруге болады.
Иә, ерінбеген адамның қолынан бәрі келеді. Бұл ретте, біреулер «пәтерде піскен жеміс дәмсіз болады» деуі де мүмкін. Әйтсе де, мұны біз мысал ретінде ғана келтіріп отырмыз. Ал, оның қасында қала тұрғындары жылыжайдың да жемісін жеп отырған жоқ па? Олай болса, егін еккісі келген жан жөнін табады.