АЛМАТЫДА АВТОКӨЛІК ТҮТІНІ ТЕКСЕРІЛУДЕ
Алматы қаласының ауа бассейнін ластаудың негізгі көзі болып табылатын автомобильдердің пайдаланылған улы газ бен түтін деңгейін өлшеу бойынша рейд жұмыстары жүргізілуде.
Экология және қоршаған орта басқармасы полиция департаментімен және Табиғат қорғау прокуратурасымен бірлесіп, аталған рейдке қалалық жылжымалы экологиялық зертхана мен үш жылжымалы экологиялық бекетті тартып отыр. Жүк, жеңіл автокөліктер мен автобустар тексерілуде.
Айта кетейік, бензин қозғалтқыштары бар автомобильдердің пайдаланылған газдарын өлшеу көмірсутектердің, көміртегі оксидінің, көмірқышқыл газының, оттегінің құрамына сертификатталған «АВТОТЕСТ-02.03» көп компонентті газ анализаторларымен жүргізіледі. Дизельді көліктердің пайдаланылған газ түтіні МЕТА-01 МП 0.1(ЛТК,К) өлшегішінің көмегімен тексеріледі.
Шығарындыларда ластаушы заттардың болу нормативтерін бұзғаны үшін көлік құралдарының иелері ҚР ӘҚБтК–нің 334-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Оған сәйкес жеке тұлғаларға 10 АЕК, заңды тұлғаларға 100 АЕК мөлшерінде ескерту немесе айыппұл көзделген. Жыл ішінде қайталанған жағдайда автокөлік иелеріне жеке тұлғаларға 20 АЕК, заңды тұлғаларға 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Бүгінгі таңда қырықтан астам автокөлік тексеріліп, олардың ішінде улы газ бен түтіннің белгіленген деңгейінен артуы 12 көлікте анықталды. Рейд ағымдағы жылдың 20 сәуіріне дейін жалғасады.