Алматының ауасы…
Жуырда әлеуметтік желіде аматылықтарды алаңдатқан бейнежазба тарады. Одан медициналық қалдықтардың өртеліп, одан бөлінген иіс жел арқылы облыс орталығына таралып жатқанын анық көруге болады. Бұдан басқа да, аймақтағы ауа мен судың ластану деректері көбеймесе азаймай отыр. Біз мұның себебі мен салдарын анықтау үшін арнайы журналистік зерделеу жүргіздік,-деп хабарлайды brifing.kz
Жағымсыз иіс жайлады…
Әлгі видеоны түсірген «Алматы Эко» ұйымының төрағасы Жақсылық Марданов бастаған экологиялық топ екен. Айтуларынша, былтыр қаланы жайлаған жағымсыз иістің қайдан шығып жатқанын білу барысында экологиялық белсенділер күмәнді аймақты анықтаған.
– Желдің бағыты бойынша қаланың солтүстік-батыс бөлігін назарға алдық. Нәтижесінде, күмән тудырған қоршалған аумақты анықтадық. Онда шағын құдық қазылып, медициналық қалдықтар өртеліп жатты. Мұндай күмәнді үрдістің қанша уақыттан бері жалғасып келе жатқаны белгісіз. Қолқаны қапқан иіске шыдап тұрудың өзі мүмкін емес, — дейді Жақсылық мырза.
Ал, сол жерде өзін қарақалпақстандық азаматпын деп таныстырған Ардақ Өтеғұл қалдықтарды тек түнде ғана өртейтінін жасырмады. «Атмосфера» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығының басшысы Наталья Голикованың айтуынша, бұл да көңілге күдік ұялатады.
– Қанға малынған шприцтерге қарап қалдықтардың жұқпалы аурулар ауруханасы, онкологиялық диспансер мен ЖИТС (СПИД) орталығына тиесілі екенін топшылауға болады. Өліп жатқан иттердің денесіне дейін жатыр. Бұл да у болып табылады. Оның үстіне, қаптап ұшып жүрген қарғалар қалаға ауру апаруы мүмкін ғой. Дұрысында, қалдықтар құдықта емес, 1000-2000 градус жоғары температурада арнайы пеште өртелуі керек. Сонда ғана зиянды газдар жойылады. Бірақ бұл жерде пеш те, тоңазытқыш та жоқ, — дейді белсенді.
Департамент не дейді?
Сонымен, қас қарая қалдық өртеп, қаланы улап жүрген кімдер? Біз бұл сауалды тікелей облыстық экология департаментіне жолдадық. Олардың берген жауабына сүйенсек, медициналық қалдықтарды жоюмен «AG Disinfection services» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысқан болып шықты.
– Полигон артында қалдықтар өртелгені рас. Бұл дерек бойынша материалдар жинақталып, полиция мен санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментіне және ветеринария инспекциясына жолданды. Сондай-ақ, «AG Disinfection services» серіктестігіне қатысты тексеру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл мекеме сіз айтып отырған медициналық қалдықтарды қайта өңдеу, залалсыздандыру, кәдеге жарату және немесе құрту жұмыстарын жүргізу үшін лицензия алмаған. Яғни, медициналық мекемелер рұқсаты жоқ серіктестікпен жұмыс жасап келген, — делінген аталған департамент жауабында.
Осындай олқылықтар қайталанбас үшін экология департаменті жергілікті кәсіпкерлер палатасының алаңында шұғыл жиын өткізді. Оған денсаулық сақтау мекемелері де, ірі табиғат пайдаланушылар да тегістей қатысты. Кездесуде былтыр 1 шілдеде күшіне енген жаңа экологиялық кодекстегі өзгерістер мен талаптар таныстырылды. Кодексте көрсетілгендей, енді тамақ пен құрылыс қалдықтарын да полигонға төгуге болмайды. Олар қайта өңдеуге жіберілуі тиіс.
Экологтар қайда жүр?
Шындығына келсек, айналаның тазалығын белсенді тұрғындар емес, экологтар бақылауы тиіс. Ендеше, жағымсыз иіс шықса да, судың сапасы бұзылса да алдымен айқай шығаратын – қарапайым тұрғындар. Ал, бақылаушы-зерттеуші мамандар қайда қарап жүр?
Ірі компаниялардың көмегі керек!
«Қазгидрометтің» мәліметіне сәйкес, Алматыда ауаның күкірт сутегімен ластануының жоғары экстремалдық деңгейі бес рет тіркелген. Ал, былтыр бұл көрсеткіш шекті мөлшерден он есеге артқан.
Ал, аймақтағы ауа ластануының 80 пайыз үлесі жекеменшік кәсіпорындарға тиесілі екен.
Жанашыр жандар да жоқ емес
Әңгімемізді бір сәт көңілді арнаға бұрсақ, арамызда қаланы қоқыстан тазартуға атсалысып жүрген жанашыр азаматтар да бар. Солардың қатарында Талғат Әлжанов пен Нұрқуат Сәрсенбаев айрықша атап айтуға болады. Талғат «вахтада» жұмыс жасайды. Ол бос кезде тұрғындардан қайта пайдалануға болатын қалдықтарды жинайды. Бүгінде Нұрқуат екеуі заңды түрде 800 шаршы метр аумақтан қоқыс қабылдайтын орын ашқан. Сөйтіп, былтыр көктемде жұмысқа кіріскен. Қазір мұнда ай сайын онға жуық адам 60 тонна макулатура мен пластик қабылдап, сұрыптайды. Тек бір өкініштісі, ірі сауда орындары мен компаниялар шикізат жинауға құлық танытпай отыр. Әйтпесе, оңтүстік астанамызда қоқысты қайта өңдеу мәдениетін қалыптастыруға басқалай кедергі жоқ.
Айтпақшы, «Қазақстан Ғарыш сапары» акционерлік қоғамының деректеріне сүйенсек, аймақта рұқсат етілмеген 200-дей қоқыс үйіндісі анықталған екен. Оны жою үшін жергілікті бюджеттен қаражат та бөлінген. Бұл бағытта ашық электрондық байқауды жеңіп алған «Steel Plant» серіктестігі аталған аумақты толықтай тазартыпты.
Рас, «Таза Қазақстан», «Таза жағалау», «Дүниежүзілік тазалық күні» секілді акциялар тұрақты түрде өтіп тұрады. Бірақ, оған көбінесе тек студент жастар ғана атсалысып жатады. Сонда, төңіректің тазалығына басқалары бас қатырғысы келмей ме? Қалай болғанда да, Алматы – бәріміздің де ортақ үйіміз екенін ұмытпайық дегіміз келеді.
Бірнеше фактор бар…
Сонымен, Алматының ауасы тазара ма?
– Ауа сапасына кері әсер ететін бірнеше фактор бар. Біріншісі – өндірістік қалдықтар. Екіншісі – булану алаңдары. Үшіншісі – қоқыс полигоны. Бұл мәселелер өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жоспарында да көрсетілген, — дейді жергілікті экологиялық департамент мамандары.
Айтпақшы, «Қазгидрометтің» мәліметіне сүйенсек, былтыр 300-ге жуық рет ауа ластануының жоғары деңгейі тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш аздап түсіпті.
Терезе аша алмайтын жағдайға жеттік
Қалай десек те, соңғы кезде қалада қолқаны қабатын жағымсыз иіс жиілеп кетті. Бұған осында ондаған жыл тұрып келе жатқан өзіміз де куәміз. Күн батысымен терезелерді жабуға асығамыз. Таңертең де – тап сондай жағдай. Бұрын өткір иістің не екенін білмейтін орталықтағы ықшамаудандардың тұрғындары да қазір денсаулықтары үшін алаңдаулы. Айталық, күндізгі уақыттың өзінде мұнда зиянды күкіртсутек мөлшері 4-5 шамасын көрсетеді (Түнгі мезгілде одан да асып кетуі мүмкін ғой. Авт.). Ал, дұрысында екіден аспауы шарт. Мұны тұрғындар ұялы телефондағы ауа сапасын онлайн анықтайтын «AirKZ» қосымшасы арқылы біліп отыр.
Тығырықтан шығар жол
Осы орайда, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынадғы мамандар мәселені шешудің бір жолын ұсынады.
– 40 тармақтан тұратын жол картасында бірнеше бағыт қамтылған. Онда ауа, су, қалдық, көгалдандыру және экологиялық мәдениетті арттыру мәселелері де бар. Біздегі негізгі «бас ауруы» – кәріздік тазарту қондырғыларының әбден ескіріп, лас судың тазартылмаған күйі булану алаңына түсуі. Меніңше, ауаны тазартудың бір жолы болса, бұл – көгалдандыру жұмыстарын күшейту, — деген олар осы бағытта ірі кәсіпорындар мен әкімдік арасында меморандум жасақталғанын айтып өтті.
Бұл бойынша ірі мекемелерге жоспарлы шығындарына сәйкес жасыл желек жайқалтуға арнайы жер учаскелері бөлініп берілген. Тал еккен жақсы ғой. Бір күнде мың көшет отырғызуға да болар. Бірақ, соның бәрін күтіп-баптап жатқан тірі жан бар ма? Мамандардың есебінше шыбық толыққанды ағашқа айналуы үшін он жылдай уақыт керек екен. Сол аралықта оны үздіксіз суарып, түбін қопсытып отыру қажет. Ал, мұнымен кім айналысып жатыр? Біз қай істі де белсенділікпен бастап, тап солай тастай саламыз. Мұны мойындамасқа болмайды.
116 мың тал керек!
Енді мына бір қызықты қараңыз! Техника ғылымдарының кандидаты эколог Мәнсия Есенаманованың айтуынша, Алматыда қашама мың көлік болса, соның зиянын қайтару үшін соншама мың ағаш егу керек екен.
– Сандарды «сөйлетер» болсақ, бір көлік 8-9 келі көміртек оксидін шығарады. Бұл не деген сөз? Яғни, біз бүкіл халық болып тал егуіміз керек, — дейді ғалым.
Мәнсия Санаққызы сасық иіс зауыттардан емес, булану алаңынан шығып отыр. Өйткені, көп көлемдегі күкіртсутек лас судан бөлініп жатыр. Оны химиялық немесе микробиологиялық әдіспен, яғни, көмірсутекпен қоректенетін микроағзалар арқылы тазартуға болады.
Сіз не дейсіз?
Алмат ТҰРЛЫБАЙ, Алматы қаласының тұрғыны, табиғат жанашыры:
– Меніңше, қазір ұзақ уақыт талап етпейтін, екі айда тез өсіп шығатын топинамбур секілді өсімдіктерді тұрғындар болып жаппай егуіміз керек. Осы орайда, әкімдік арнайы аумақтар бөліп берсе деген ұсыныс айтқым келеді.
Екіншіден, жергілікті кәсіпорындар төлейтін айыппұлдар республикалық бюджетке аударылуы дұрыс емес. Керісінше, оны жергілікті жердегі экологиялық мәселелерді шешуге жұмсаған жөн деп ойлаймын.
Үшіншіден, тәуелсіз ауа құрамын онлайн зерттейтін құрылғылардың санын жүздеп көбейту керек. Сонда иістің немесе қалдықтың нақты қайдан шығып жатқанын әр тұрғын біліп отыратын болады.