Алматыда халық пен заңға арналған акция өтті
Бүгін Алматы қаласындағы Қонаев университетінде Әділет министрлігі жергілікті мемлекеттік басқару органдарымен «Халық заңгері» республикалық акциясын ұйымдастырды. Акцияның басты мақсаты – мемлекеттік органдардың халықпен тығыз байланыста екенін көрсету, деп хабарлайды brifing.kz.
Кез келген азамат ұзын үстелде отырған заңгерлерге өзін толғандырып жүрген заңға, құқыққа байланысты сауалдарын қойды. Заң көмегіне жүгінгелі келген азаматтарға мемлекеттік қызметкерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, көші қон полициясының өкілдері, сыбалас-жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандары жауап берді.
Бұл акция жылына бір рет ауқымды түрде өткізіледі. Акцияға келушілерге ешқандай шектеу қойылмады. Акцияға келе алмаған азаматтар өзін мазалаған сауалдарын Egov порталы немесе Е-өтініш арқылы құзырлы басқармаларға жазбаша электронды түрде жолдай алады. Бұдан бөлек, арнайы мемлекеттік мекеменің басшысына немесе оның орынбасарына келіп, сұрақтарына жауап алса болады.
Заңгер Қайыржан Иманова «кез келген даудың бейбіт құқықтық нормаларды сақтай отыра шешілуіне жөн сілтейміз» дейді. Оның сөзінше, несие, жер, банк, салық, тұрғын үй, жеке мүлікті заңдастыру, банкрот сияқты мәселелерін айтып шағымданған қала тұрғындары көп. Әлеуметтік аз қамтылғандардың да үні қалыс қалмады.
Акция тек Алматыда емес, Қазақстанның үлкен қалаларында да болды.
Заңгерлердің көмегі мен кеңесіне мұқтаж азаматтардың арасында көп балалы аналар, жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі адамдар, халықтың әлеуметтік осал топтары да болды.
Бірегей жоба Қазақстанда 2016 жылдан бері жүргізіліп келеді және әлемде баламасы жоқ. Осы уақыт ішінде оған 8 мыңнан астам білікті маман қатысып, 165 мыңнан астам адам құқықтық көмек алды.
Іс-шараны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, Zakon.kz желілік басылым және «Параграф» ақпараттық жүйесі, Әділет Министірлігі және Алматы қаласы әкімдігі ұйымдастырды.