Жаңалықтар

Олжас Бектенов елімізге қаржылық ресурстарды тарту мәселелерін талқылады

Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов халықаралық Société Générale банкінің Таяу Шығыс, Түркия/ТМД, Африка өңіріндегі басшысы Эмрик Арно және Орталық Азия елдері мен Кавказ өңіріндегі басшысы Тейба Гулиевамен кездесті,- деп хабарлайды brifing.kz порталы.

Кездесу барысында инвестициялық жобаларды іске асыру аясында ағымдағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. 1864 жылы құрылған Société Générale – 66 елде өкілдігі бар ең ірі халықаралық қаржы институттарының бірі. Қазақстан Үкіметі мен Банк арасындағы 30 жылғы ынтымақтастық барысында құны $17 млрд-тан асатын 30-дан астам бірлескен жоба іске асырылды.

Қазіргі уақытта бірқатар қазақстандық компаниялар Société Générale банкімен энергетикалық инфрақұрылым және қаржы нарығы саласындағы жобалар бойынша келіссөздер жүргізуде. Сонымен қатар кездесуге қатысушылар экономиканың барлық салаларында орнықты дамуды интеграциялау мақсатында ESG (экологиялық орта, қоғамдық қызмет, корпоративтік басқару) бағыты бойынша ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстанға шетелдік инвестициялар ағынын қамтамасыз ету үшін халықаралық банктерді белсенді түрде тарту қажет. Бұл бағытта Үкімет өзара тиімді әріптестікке дайын және еліміз үшін маңызды жобаларды іске асыруға жәрдемдесетін болады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерді орындау мақсатында елімізде экономикаға шетелдік көздерден, оның ішінде қаржы секторындағы бәсекелестікті арттыру үшін сенімді халықаралық банктерден қаржы тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша шаралар кешені іске асырылуда. Жүргізіліп жатқан жұмыстың мақсаты – экономиканы несиелендіруге белсенді қатыса алатын халықаралық нарықта жұмыс тәжірибесі бар банктерді Қазақстанға тарту.

Related Articles

Back to top button