Астанада көктемгі су тасқынына дайындық қалай?
«AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалы Атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Мұхаммед Болысбек, қалалық мәслихат депутаты Қанат Естек бастаған топ «Астана қаласын Есіл өзенінің тасқын суларынан қорғау» бөгетіне барып, көктемгі су тасқынына дайындық деңгейімен танысып қайтты,- деп хабарлайды brifing.kz порталы.
Астана қаласының аумағында су тасқыны болуы мүмкін 20 аумақ бар. Олар – Алматы ауданындағы 5 аумақ, Байқоңыр ауданындағы 4 аумақ, Нұра ауданындағы 6 аумақ, Сарыарқа ауданындағы 3 аумақ, Есіл ауданындағы 2 аумақ.
Елорда тұрғындары мен оған жақын орналасқан елді мекендерді сумен қамтамасыз ететін Астана су қоймасының сыйымдылығы – 410,90 млн текше метр екенін ескерсек, елорда мен оған жақын орналасқан елді мекендерге су тасқыны қаупі төніп тұрған жоқ.
Бұл туралы «Астана қаласын Есіл өзенінің тасқын суларынан қорғау» бөгетінің басшысы Әлібек Жайлауов мәлімдеді. Оның айтуынша «Қазгидромет» наурыз бен сәуір айларында да жауын-шашын мол жауатынын болжаған. Десе де, «Нұра-Есіл» каналы мен «Майбалық» көлі арасында орналасқан канал қардан тазартылып, су қоймасы мен Астанадағы жалғыз бөгет су тасқыны маусымына дайын тұр.
Сондай-ақ бүгін Астанада «Партия мүшелерінің, Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар қызметкерлерінің су тасқынына дайындық жөніндегі қызметі туралы» атты Партиялық бақылау комиссиясының отыры өтті.
Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, мәслихат депутаттары, Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері қатысқан отырыста қыстың басынан бастап Астана қаласының коммуналдық қызметтері Елордадан полигондарға 4,4 млн текше метр қар шығарылғанын мәлімдеді.
Комисся отырысында су тасқыны жағдайының қауіп-қатерін азайту және су тасқыны жағдайының ықтимал асқынуларына жедел ден қою мәселелері қаралды.
Сондай-ақ, кездесу барысында Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті 2024 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық шеңберінде жеке құрамның 500-ден астам адамы, 150-ден астам техникасы, 3 жүзу құралы, 65 мотопомпасы, 3 ҰҰА (пилотсыз ұшу аппараты) жұмылдырылған азаматтық қорғау қызметтерінің жалпы топтамасын қалыптастырғаны белгілі болды.