«18 км жаяу жүрген»: Ақтөбелік зейнеткер өзін боранды күні ауруханаға жеткізген құтқарушыларға алғыс айтты
Ақтөбе облысында боранды күні науқасты ауруханаға жеткізу үшін 18 км жердегі көрші ауылға барып қайтқан құтқарушылар желі жұлдызына айналды. Құтқарушылардың көмегімен ауруханаға жеткізілген зейнеткер оларға алғыс айтты, деп Brifing.kz жазады KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.
7 ақпанда Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында ақтүтек боран болды. Сол күні ауруханаға құтқарушылардың көмегімен жеткен зейнеткердің туыстары оларға алғыс айтты. Зейнеткердің қызы құтқарушыларды мемлекеттік наградаға ұсынуды сұрайды.
Құтқарушы. Фото: Гүлмира Сағынованың жеке мұрағатынан
«Сол күні боран қатты болды. Бұл балалар басын өлімге тігіп көмек көрсетті. Сыртта ештеңе көрінбей тұрды. Алты құтқарушы келіп, анамды көлігіне салып алды. Қасында өзім отырдым. Анам «Балалар жазым болып, мен қарғысқа ұшырамаймын ба» деп қорықты. Балалар өз қызметін істеп, жауапкершілігін көрсетті. Үстіндегі тонын анамның үстіне жауып, басына киімдерінен жастық жасап берді. «Әже шыдаңыз» деп тілегін айтты. Балалардың жауапкершілігі, жанашырлығы таңғалдырды. Мейірімділік тұнып тұр. Олардың ата-анасына алғыс айтамыз. Отан қорғау, патриотизм, адамдыққа, имандылыққа тәрбиелегені көрініп тұр. Жолда қаншама адам тұрды. Оларды да құтқарды. Қаншама адамның сауабын алды. Мұндай адамдарды құрметтеу керек. Бауыржан Момышұлы сияқты батырлар осылардан шығады. Бүгінгі кездің батырлары», — деді зейнеткердің қызы Гүлмира Сағынова.
Құтқарушы. Фото: Гүлмира Сағынованың жеке мұрағатынан
73 жастағы әжей қазір Мұғалжар аудандық ауруханасының хирургия бөлімінде ем алып жатыр. Асқазан-ішек жолдары ауруына шағымданған. Мұғалжар аудандық өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері өздерінің бұл әрекетін азаматтық борышы әрі кәсіби міндеті санайды. Еске сала кетсек, 7 ақпанда Мұғалжар ауданы Басшилі ауылының 73 жастағы тұрғынына медициналық көмек қажет болған. Алты құтқарушы жолға шыққан. Олар жолдың көрінбеуіне байланысты жүргізушіге жаяу, кезектесіп жол көрсетіп отырған.