Жаңалықтар

«Әйел ұзын тілінен бәле тапса, балғын бөбектер қай қылығы үшін жазаланып жатыр…»

Сарапшылар отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі күн тәртібінен түспей тұрған елде мұндай мәлімдемелердің жасалуы дұрыс емес деген пікірде.

Осы аптада қызу талқыланған тақырыптардың бірі – депутат Анас Баққожаевтың «отбасындағы жанжалға тілі ұзын әйелдер де себеп болып жатады» деп айтуы. Халық қалаулысының осы мәлімдемесіне қатысты сарапшылардың пікірін білдік, деп Brifing.kz хабарлайды inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың айтуынша, депутаттың айтқан сөзіне негіз болатындай еш нәрсе жоқ. Сарапшы мәжілісменнің пікірімен мүлдем келіспейтінін жеткізді.

«Бұл халықтың атынан сөйлейтін депутаттың сөзі емес. Егер де біздің контекстте қарасақ, қоғамда қалыптасқан стереотиптер, тозығы жеткен түсініктер бар. Осы түсініктің төңірегінен шыға алмай қалған адамдар дәл осындай депутаттыкіндей пікір ұстанады деп ойлаймын. Яғни, адамның айтқан сөзі үшін зорлық-зомбылық әрекетін көрсетуге болады деген нәрсе бұл зорлық-зомбылықты осылайша ақтау алудың бір көрінісі», — деп атап өтті ол.

Егер де гендерлік теңдік, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық тақырыбындағы зерттеулерге қарасақ, зорлық-зомбылық дәл осындай стереотиптен туындайды, деп жалғастырды әлеуметтанушы.

«Әйелдердің рөлі төмен болуы, олардың ерлерге қарағанда өзін төмен ұстауы, сәйкесінше тілін тартып сөйлеуі керек» деген түсініктер өте патриархалды, консервативті қоғамдарға тән. (…) Шын мәнісінде депутаттың дәл осы сөзі әйелдерді ұрып-соғуға алып келеді. Өйткені ол кісі мінберде тұрып, осындай пікір айтқаннан кейін, оны тыңдаған көптеген ер адам «депутаттың өзі осылай айтып отыр, яғни әйелдерге қатысты ұрып-соғуды ақтап жатыр» деп алға тарта отырып, өзінің жақындарына, әйеліне қол көтеруі мүмкін», — деді сарапшы.

Сөзінше, депутат өзінің осындай жауапкершілігін түсінбейтіндігін білдіреді.

«Шынымен де әділ сайлау арқылы тағайындалатын мемлекетте депутаттар мұндай сөзі үшін сайлаушылар тарапынан сенімсіздікке ұшырап, ол адам ешқашан депутат бола алмас еді. Бізде керісінше бұл депутаттың қаншалықты бүгінгі контексттен, реалийден алшақ екендігін білдіреді», — деді спикер.

Серік Бейсембаев қоғамда әртүрлі пікір барын, депутатты қолдайтын қоғам мүшелері мен бейтарап қарайтындары да бар екенін баса айтты.

«Бірақ XXI ғасырдың контексінде қарасақ, құқықтық, зайырлы, демократиялық мемлекет болғандықтан, мұндай нәрселерге құқықтық, моральдық баға берілу керек. Оған баға беретін, әрине, белсенді азаматтар. Сонымен қатар мемлекетте адам құқықтарына қатысты ұлттық комиссия бар. Ұлттық комиссияның реакция білдірмеуі мен үшін үлкен сұрақ. Яғни азаматтардың үнсіз отырғандығы азаматтардың кінәсі емес, ол біздегі қалыптасқан жүйемен байланысты. Айтып отырған депутат әділ сайлауда жеңіске жетсе әрі қоғам оған сенімді болса, неліктен осы депутаттың сайлаушылары оған қарсылық білдірген жоқ деген сұрақ туындар еді», — деп түйіндеді әлеуметтанушы Серік Бейсембаев.

Ал заңгер Ләззат Рақышева елімізде жыл сайын қаншама әйел зорлық-зомбылық құрбаны болатынын еске салды.

«Тілі ұзын деп, таяқпен тәрбиелеу керек пе екен сонда әйелді? Бізде сонда адами қасиет, өзара ұғынысуға мәдениет, ақыл-ой деген жоқ па? Елімізде жыл сайын қаншама әйел, бала зорлық құрбаны болып жатыр. Солардың бәрі өздері кінәлі ме? Әйел «ұзын тілінен» бәле табады екен, балғын бөбектер қай қылығы үшін жазаланып жатыр? Отбасында болған зорлық-зомбылық салдарынан қайтыс болған әйел мен бала саны артты дейміз, нақты санақ жүргізіп жатқандар бар ма? Олардың қанын арқалағандар қандай жаза алды? Зорлық құрбаны болып, кеудесінде жаны болғанымен, жүрегі өліп, тірі өліктер қатарын толтырып жүргендерге кім қандай көмек беріп жатыр?», — деді сарапшы.

Айта кету керек, осыған дейін Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха депутаттың әйелдер туралы мәлімдемесіне қатысты пікір білдіргенін жазған болатынбыз. Депутат Анас Баққожаев отбасындағы жанжалға тек ерлерді айыптауға болмайтынын айтты.

Related Articles

Back to top button