Өңірлік брифинг

Алматы әкімімен кездесулерде айтылған қала тұрғындарының проблемалары қалай шешіледі – аулаларды жөндеу және жаңа бағыттарды іске қосу

Алматы әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданының тұрғындарымен кезекті кездесу өткізді. Қала әкімдігінің баспасөз қызметінде 2023 жылдың қыркүйегінде аудан тұрғындарымен кездесуде мегаполис басшысының берген тапсырмаларының орындалғаны туралы айтылды.

Сол кезде тұрғындар сумен үздіксіз қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу, аулаларды абаттандыру, автобустарды жаңарту және т.б. мәселелерді көтерген болатын.

Нәтижесінде, Каменское плато, Көлсай, Мұзтау және Юбилейный шағын аудандарында 7,3 мың м3 су сиятын 7 резервуар салынды. Сондай-ақ, өнімділігі тәулігіне 15,7 мың м3 су болатын 6 скважина реконструкцияланды. Бүгінде нысандарды наурыз айында толық іске қосуға қатысты жұмыстар жүргізілуде.

Аудан жұртшылығының өтініші бойынша 18 бағыттағы жылжымалы құрамды жаңарту аяқталды, 4 жаңа маршрут іске қосылды (№43, 75, 232, 233) 5 жаңа аялдама кешені салынды (Қайдаров, Қайыпов, Ибрагимов, Базарбаев көшелері, №47 мектеп).

Сонымен қатар, ауданның 28 көшесінде ұзындығы 21,8 км орташа жөндеу жұмыстары аяқталды, ағымдағы жөндеу аясында 2023 жылы 56 мың м2 жол төсемі қалпына келтіріліп, ұзындығы 24,5 км 29 көшеде тротуар жасалды.

Аудан тұрғындары «Журналистер» скверінің ұзақ жөнделгені туралы шағымданған болатын. Нәтижесінде жұмыстар өткен жылдың соңында аяқталды. Реконструкциялау аясында жабындылар төселді, жаңа орындықтар, урналар қойылды, 3,8 мың бұта мен 10 туя отырғызылды. Сонымен қатар, Оспанов көшесіндегі жаяу жүргіншілер аймағының құрылысы аяқталды, онда тротуар кеңейтіліп, 80 суретшінің жұмысымен безендірілген граффити қабырғасы жасалды.

Бұдан басқа, «Алатау» шағын ауданында 600 адамға дейін қабылдай алатын денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. Бүгінде спорт нысаны техникалық режимде жұмыс істейді.

Жыл қорытындысы бойынша ауданда 80 аула аумағы ағымдағы жөндеуден өтті, үйлердің 23 қасбеті жаңартылды, 13 жер үсті және жерасты жаяу жүргіншілер өткелі жөнделді, 4 автосуару жүйесі қайта жаңартылды және 2 қоғамдық кеңістік абаттандырылды. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 1,6 млрд.теңге болатын 44 жоба іске асырылды.

Related Articles

Back to top button