Көшеден ұстап әскерге әкету қаншалықты заңды?
Былтыр әскерге шақырту науқанында 19 мыңға жуық ер азаматтарды сапқа түзеу көзделген еді.
Алайда жігіттер азаматтық борышын өтеуге асығар емес: 2017-2021 жылдар аралығында әскерге шақырылғандардың тек 15,7%-ы армияға қабылданған.
Жыл сайын кем дегенде 33 мың азамат ант беру керектігін ескерсек, әскери бөлім осы көрсеткіштен таймас үшін шақыртылғандарды іздестіру шараларын күшейткендей. Кейінгі кездері жас жігіттерді күштеп әскерге алып кету жағдайлары жиілеп кетті, мұндай шараның қаншалықты заңды екенін анықтау үшін inbusiness.kz тілшісі заңгермен тілдесті, деп хабарлайды Brifing.kz.
«Жалпы біздің негізгі заңымыз — Конституцияның 36-бабында көрсетілгендей, әскери борышын өтеу кез келген ер азаматтың парызы, міндеті. Белгілі бір тәртіппен әскери қызметін атқаруы керек. Әскерге шақырту тәртібі «Қазақстан республикасының әскери қызмет және әскери қызметшілер мәртебесі туралы» заңымен реттеледі. Соған сәйкес, әскери бөлімде тіркелген азаматтар жылына екі рет шақырылады (күз бен көктемде — ред.). Әскери шақырту үйіне немесе жұмыс орнына қолма-қол немесе «Қазпошта» арқылы жіберіледі, кейінгі кездері смс-пен де хабарлама берілетін болған», — деді заңгер Нұрболат Ибраев.
Шақыртуды жеткізу міндеті жергілікті атқарушы органдарға — ауыл, аудан, қала әкімдіктеріне тапсырылады. Шақырту алғаннан кейін азамат 7 күн ішінде көрсетілген мекен-жай бойынша әскери бөлімге баруы міндетті. Онда арнайы комиссия денсаулық жағдайына, әлеуметтік мәселелерге қарай әр азаматқа қатысты жеке-жеке шешім шығарады.
«Ал күштеп әскери бөлімге жеткізуге қатысты айтарым, әрине, әскери шақыртусыз әскерилер көшеден ұстап не жұмыс орнына баса-көктеп кіріп, ешкімді алып кете алмайды — бұл заңға қарсы әрекет. Алайда әскери шақыртуды қолма-қол бере алмаған жағдайда немесе өзі айтылған уақытта келмей, жасалған ескертулерді ескермей, Отан алдындағы борышын өтеуден жалтарғандарға қатысты заңнамалық негізде арнайы шара қабылданады: әскери бөлім полиция басқармасына жүгініп, іздестіру шараларын жүргізуге сұраныс жібереді. Бұл сәтте күштеп алып кетсе де — барлығы заң аясындағы әрекет болады. Есептен тіркеуден қашқандарға әкімшілік жаза, ал борышын өтеуден жалтарғандарға қылмыстық жаза көзделгенін де ұмытпаған жөн», — деп түсіндірді сарапшы.
Анықтама үшін: Әскери қызметке дайындықтан жалтарғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 650-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген. Әскери қызметтен қасақана жалтарушылар ҚР ҚК-нің 387-бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылады, оған сәйкес 3000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл түрінде жаза не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген.
Заңгердің айтуынша, полиция мен әскерилер қолына түскен жағдайда сабыр сақтап, қорғаушы шақырған дұрыс болады.
«Мен ұсталғандарға адвокат шақырып, әскери комиссариатқа өз еркімен баруды ұсынамын. Өйткені ішкі істер органдарының қызметкерлеріне де талаптар қойылады, атап айтқанда олар азаматтарды мәжбүрлеу әрекеттері не үшін және қандай негізде жүзеге асырылғанын түсіндіру керек. Полиция қызметкерлері тек азаматтар қарсылық көрсеткен жағдайда ғана күш қолдануға құқылы», — деді ол.
Жалтарғандардан бөлек орта есеппен 23 мың үміткер денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметке жарамсыз болып жатады. Әскерден босатылғандар тізімінде одан да басқа жағдайлар қарастырылған:
1) денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған;
2) жиырма жеті жасқа толған, заңды негiздер бойынша мерзiмдi әскери қызметке шақырылмаған;
3) туыстарының бiрi (әкесi, анасы, аға-інілерi немесе апа-сіңлілері) әскери қызмет өткеру кезеңiнде қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан, қайтыс болған немесе оған бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік белгіленген;
4) басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткерген;
4-1) «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 51-бабының 9-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткергендер;
5) ғылыми дәрежесi бар азаматтар;
6) тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері босатылады.
Сондықтан әскерге шақырылмайтындар үлесі 30-40%-ға дейін жетіп қалады.
Сонымен қатар Отан алдындағы борышты өтеу мерзімін мынадай адамдарға кейінге шегеруге болады:
1) мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, орта (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта), техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, мамандандырылған, арнаулы білім беру ұйымдарында, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, балаларға қосымша білім беру ұйымдарында, сондай-ақ әдістемелік кабинеттерде кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтерге – жұмыс істеп жүрген бүкіл кезеңіне;
2) тиiстi бiлiмi бар, мамандығы бойынша ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс iстейтiн дәрiгерлерге – денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс iстеп жүрген барлық кезеңiне;
3) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң немесе жергiлiктi өкiлдi органдардың депутаттарына – олардың депутаттық өкілеттігi мерзiміне;
4) өздеріне қатысты анықтау, алдын ала тергеу жүргiзiліп жатқан немесе соттар қылмыстық iстерiн қарап жатқан адамдарға – тиiсiнше анықтау, тергеу аяқталғанға немесе сот үкiмi күшіне енгенге дейiн;
4-1) азаматтық әуе кемелерінің ұшу экипажының мүшелеріне, тиісті білімі бар азаматтық авиация инженерлеріне, механиктеріне және техниктеріне азаматтық авиация ұйымдарында жұмыс істеген бүкіл кезеңге;
5) кемелер экипаждарының тиісті білімі бар мүшелеріне су көлігі ұйымдарында жұмыс істеген бүкіл кезеңге;
6) құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында алғашқы кәсіптік даярлықтан өтіп жатқан адамдарға беріледі.
7) Офицерлер құрамының әскери атағын бере отырып, запасқа қойылған азаматтарға отбасы жағдайлары бойынша, денсаулық жағдайы бойынша, жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім алуды жалғастыру үшін және басқа да себептер бойынша әскери қызметке шақыру кейiнге қалдырылады.
Жоғарыда келтірілген шарттардың бірі сізге қатысты болған жағдайда, әскери шақырту алынғаннан кейін, арнайы әскери комиссияға сіздің жағдайыңызды растайтын құжаттарды ұсыну керек (медициналық тексеру нәтижесі, бірлестік мүшесі екенін растайтын анықтама т.б. — ред).
«Дегенмен сізге ешқандай негізсіз күш көрсетілсе немесе тапсырылған құжаттарға қарамастан, әскерге мәжбүрлі түрде жіберу шешімі қабылданған жағдайда сіз Әскери прокуратураға шағымдана аласыз. Жалғыз асыраушы болсаңыз не басқа да себептермен әскерден босатылған жағдайда, соны дәлелдейтін отбасы мүшелерінің, соның ішінде балалардың тиісті құжаттарын тіркеп, арыз жазу керек. Прокуратура тиісті тексеру жұмыстарын жүргізеді, азаматтың шағымы ақталса, әскери бөлім комиссиясының шешімі жоққа шығарылып, оған қол қойған төраға жазаланады», — деп түйіндеді заңгер.