«Балаларыңа 250 мың теңгеге телефон емес, тай алып беріңдер»: Белсенді азамат ел тұрғындарына үндеу тастады
Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданында тұратын Жадырасын Бимағамбет ат спортын дамытуға ерекше үлес қосып отыр, деп хабарлайды Brifing.kz.
Ол Тұмабұлақ ауылында туып өскен. Кішкентайынан атқа құмар болыпты. Тіпті, үлкен бәйгелерге шауып, жүлде алған. Бертінде аудан орталығына көшіп келді. Оның ат спортына қайта ден қоюына баласы себепші болған.
«Балам ол кезде кішкентай. Бір күні ер тоқым мен жүгенді көрсетіп, олардың не нәрсе екенін сұрады. Бұл сұрағы санама соққы болды. Бірақ кінәні өзімнен іздедім. Содан кейін тай сатып алып, оған баламды мінгіздім. Қызығушылығы ерекше болды. Біртіндеп жанымызға көршінің, ағайындарымыздың балалары жинала бастады. Алғашқы жылдары 4-5 бала ғана тайға шауып жүрді. Ал, қазір 30-40 шамасында», — дейді Жадырасын Бимағамбет.
Жадырасын бастаған жігіттер аудан орталығында ат спортын дамытуды қолға алды. Олар әр сенбі сайын көкпар ұйымдастырады. Ал, жексенбі күндері тай жарыс болады. Соңғы кездері қатысушылардың да саны артқан. Белсенді азаматтар қалталарынан шама-шарқынша қаржы шығарып, жүлделер дайындайды. Жадырасын ел тұрғындарына үндеу тастады:
«Жетістігіміз – ауыл балалары телефонды қойып, бәрі тайға мініп жатыр. Балаларыңа 250 мың теңгеге телефон алып бергенше, тай алып беріңдер! Денсаулықтары мықты болады.Әр ер бала дүниеге келгенде ер адамдар, мақтанасыңдар, «Қазақ еліне бір батыр келді» деп. Сол батырларың атқа мінетіндей болу керек! Атқа, тайға мінбесе оның несі батыр?!.», — деді ол.
Балаларының соңғы уақытта телефонға, әлеуметтік желілерге емес, тайға мінуге ерекше құлшынып тұратынын ауыл адамдары да аңғара бастады. Сондықтан, ата-аналар тарапынан көп қарсылық болмаған. Керісінше, қазір 5-7 жастағы ұлдарына тай алып беруге ниеттеніп жатқандар көп.