Желіні жарған жарнаманың артында не бар?..
Біз қаржылық пирамиданың да, желілік бизнестің де талай «былығын» жаңалықтардан жиі естіп жүрміз. Бір кездері заңды түрде тіркеліп қызмет қылған бұл кәсіптің соңғы кезде алаяқтықтан еш айырмашылығы қалмай бара жатқанға ұқсайды…
Бұлардың басқа табыс көздерінен айырмашылығы сол, қажет тауарды дүкен сөресінен емес, тікелей тұтынушыдан табуға негізделген. Ал, қолданушының өзі пайдаланып, өзі жарнамалаған өнімнің сапасына кім күмән келтіреді?!
– Сенің бүйрегің ауырып жүр ме?
– Иә.
– Онда, мына бір биологиялық қоспаны қолданып көрші. Бір айдан соң нәтижесін көресің!
– Оны қайдан аламын?
…Міне, көпшілік «сетевик» атап кеткен желілік кәсіпкермен біздің алғашқы таныстығымыз осылай басталды. Одан әрі әлгі қоспаның барлық пайдалы тұстары түсіндірілді. Ақырында, сол тауарды тұтына отырып, табыс табуға болатыны да қоса айтылды. Мақұл, егер расында да дәрумендік препараттар, ыдыс жуатын химиялық өнімдер және басқа да тұрмысқа қажетті заттар болса, бұлардан бизнес жасауға қарсылық жоқ. Ал, мәселе адам баласының басты байлығы – денсаулыққа келіп тірелсе, біреудің ауруынан ақша жасау қаншалықты дұрыс? Біз осы жайттың ақ-қарасын ажырату үшін журналистік зерделеу жүргіздік. Сонымен…
«Сетевиктің» бәрі менеджер емес, сондықтан олардың көбісі дәрігерлерден таңдалады екен. Осыдан кейін биологиялық қоспалар өтпей көрсін?! Иә, рас, сатушысыз сауда жасау – маркетингтің жемісі. Сөйтіп, арадағы делдалға төленетін соманы үнемдеп, тұрмысты түзеп алуға болады. Осы қағидамен қалтасын қампайтқан Қытай, Америка мен Корея елдері әлдеқашан маркетингтің майын ішіп отыр.
Сайып келгенде, қолымыздағы қаражат тысқа төгіліп жатыр деген сөз. Ақыры, сол «сетевиктер» Қазақстанға салық төлей ме?» деген заңды сауал туындайды. Алматылық салық саласының ардагері Арман Нығметұлыны айтуына қарағанда, бизнестің қай бастамасы да Ата Заңымыздың ала жібін аттап өте алмайды.
– Еліміздегі Салық кодексінің 683-бабы, үшінші тармағы желілік маркетингке арналған, — дейді ол. – Онда барлығы анық-қанығымен жазылған. Сіз айтып отырған «сетевиктер» жылына бір мәрте декларация, яғни, есеп-қисап тапсырады. Соның ішінде өзінің жеке табысы мен шығыны көрсетіледі. Қанша пайда тапса да, орташа табысының 10 пайызы есептеледі.
Тағы бір атап өтетін нәрсе, желілік бизнес өнімі көп жағдайда шетелден әкелінеді. Осы ретте, оның сапасына кейбіреулер күмән келтіріп жатады. Себебі, тауардың түпнұсқасы біздің қолымызға тигенге дейін көшірмесімен ауыстырылып қоюы мүмкін ғой. Түйсікті торлаған күмән бұлтын қарасы қалың менеджерлер де сейілте алмайды. Өйткені, олар алдымен өз пайдасын ойлайды.
Ал, алматылық бизнес-сарапшы, экономист Аманжол Шәріповтің пікірі мүлде басқа. Оның ойынша, азаматтардың табыс табуына заң аясында мүмкіндік беріп, жағдай жасап отырған маркетинг саласын дамыту қажет.
– Артық айтқандығым емес, бірақ, керек десеңіз, желілік бизнесті жан-жақты насихаттаған дұрыс. Бұл да еңбектің бір түрі. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүріп, көл-көсір кенге кенеліп жатқан ешкім жоқ. Демек, желілік кәсіптің жемісін татып жүрген жандарға белгілі бір мамандық иесі ретінде қарау қажет. Олар да өзге жұмысшылар сияқты ел қазынасына қаржы құяды, тиісті салығын төлейді. Ендеше, неге оларды қолдамасқа? – дейді сарапшы.
Осы орайда, қаперге алатын бір жағдай бар. Желілік маркетинг өкілдерінің арасында нағыз кәсіпкерлермен бірге қарапайым тұтынушылар да кездеседі. Екінші тобы тек тауар сатып алады да, соның нәтижесінде арнайы жеңілдікке ие болады. Бірақ, өнімді өткізу мәселесіне саусағының ұшын да тигізбейді.
Айтпақшы, Алматыдағы кәсіпкерлерден «тапқан табыстың көп бөлігі қайда жұмсалады?» деп сұрастырып көрген едік, «жарнамаға» деген жауап алдық. Сонда қалай болғаны, бизнестен бар жиған-тергенің бір сәтте көшедегі билбордтар мен «инстаграмм» парақшасына «жұтылып» кете ме? Олай болса, жарнама жасаудың не қажеті бар? Осылайша, тағы да желілік маркетинг «жорғалап» көмекке келеді. Сөйтіп, жарнамаға жұмсалатын қаражат едәуір қысқарады.
Алматыдағы белсенді менеджерлердің бірі Айнұр Сәрсенова желілік бизнес жүйесі қаржы пирамидасының құрылымына ұқсас болғанымен, мақсаты мүлде бөлек. «Кезінде ала дорба арқалап қыр асқан, «сникерс» сатып, тамақ асыраған саударгерлер есте болар, — дейді ол. – Солар бүгінгі бизнесмендердің бастауы болатын. Дәл сол сияқты бүгінде делдалсыз сауда компаниялары күрт көбейіп отыр. Халық арасында теріс пікір пайда бола бастады. Бұдан қорқудың қажеті жоқ. Бұл бизнесті түсіну үшін заңды толық меңгеріп алған жөн. Өзім қазір 600 менеджерге табыс табудың қыр-сырын үйретіп жүрмін. Ай сайын жарты миллион теңге табыс түседі десем, таң қалмаңыз!»
Психологтардың айтуынша, «желілік маркетинг» ұғымын әркім өзінше түсінеді. Мәселен, қазақ халқына тән менталитет шеңберінде қарайтын болсақ, таныс адамдарға тауар сату өте ұят. Ал, өзге ұлт өкілдері үшін мұндай кәсіптің еш кемшілігі жоқ. Бірақ, бір нәрсе айдан анық. Кім болса да, аз ақшаға көп өнім алғысы келеді. Қаржы дағдарысына қашан да дайын жүретін қазіргінің адамы қалай тез байып кетудің амал-айласын іздеп әлек.
Екіншіден, желілік бизнеске жұрт жеңіл көзқараспен қарайды. Мұны мына бір мысалдан да анық көруге болады. Осындай бизнесті бастауға бағыттайтын семинарға жүз адам қатысса, соның тек бес-алтауы ғана тұрақты табысқа қол жеткізеді. Ал, қалғаны қиындыққа қарсы тұрғысы келмейді де, бас тартады.
Енді аз-мұз санақ көрсеткіштеріне көз жүгіртсек. Бүгінде 130 мемлекетте 5 мыңға жуық компания маркетинг жүйесімен жұмыс жасайды. Оның 200-ден аса түрі АҚШ-та қызмет етеді, бұған шектеу қойған штаттары да жоқ емес. Ал, миллиардтан астам халқы бар Қытайда әлемдік 14 және жергілікті төрт компания жұмыс істейді. Ендеше, желілік бизнеспен айналысу үшін жергілікті жерден шығып, шет мемлекеттермен әріптестік орнату керек. Оның үстіне, бізде бұған ешқандай шектеу қойылмаған. Қазір елімізде осындай елу компания жұмыс жасайды екен.
Түйін
Қалай болғанда да, тегін заттан тұз татымайды. Желілік бизнес пен қаржылық пирамида екеуі – егіз ұғым. Олардың құрығына түспес үшін қаржылық білім-білігімізді шыңдаудан басқа амал жоқ. Әрине, бұл бағытта мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстар да өз жемісін беріп жатыр. Бірақ, халықтың өз тарапынан да қозғалыс болғаны жақсы ғой.