Жаңалықтар

Алматыдағы белді оқу орны «пәк» қыздардың тізімін жариялап жіберген

Министр бұл оқиғаны медициналық деректі заңсыз тарату деп айтты.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек аталған оқиғаға байланысты кінәлілер жазаланатынын айтты, деп Brifing.kz хабарлайды inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

«Бұл мәселе бақылауға алынды, себебі бұзушылық айқын көрініп тұр. Айыптылар заңнамаға сәйкес жазаланады. Дербес деректерді қорғау туралы заң бар. Бұл жерде әкімшілік құқық бұзушылық болатын шығар», – деді Нұрбек.

«Бұл ақпарат не үшін қажет болды» деген сұраққа министр «жеке деректерге салғырт қарау салдарынан болған шығар» деп болжады.

«Бұл мәселені заң жүзінде қатаң реттеу керек. Жалпы бұл – мәдениет мәселесі. Біз қаншама жеке куәлікті таратып жүрміз. Жоғарғы оқу орнында осындай жағдай болғаны, әрине, көңіл көншітпейді. Жеке дерек – өте құпия ақпарат екені туралы заң жүзінде қатаң бақылау болмаса, мәдениет өзгермейді», – деп түсіндірді министр.

Бұған дейін WhatsApp мессенджеріндегі 190 адам бар топқа жоғарғы оқу орнында оқитын студент қыздардың тізімі көрсетілген төрт құжат жіберілгені туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тараған еді. Онда флюорографиядан өтуі керек студенттер белгіленген. Кестеде қыздардың ЖСН, телефоны және гинекологиялық сипаттағы деректері көрсетілген.

Сондай-ақ, оқиғаға байланысты аталған оқу орнының әкімшілігі пікір білдірді.

«6 ақпанда «Smart Health UniversityCity» ЖШС медбикесі WhatѕАрр мессенджері арқылы механика-математика факультеті деканатының маманы Ж.Смағұловаға осы факультеттің 3-4-курс студенттерінің флюорографиялық зерттеуден өтуін қамтамасыз ету үшін Excells форматында тізімін жіберді. Алайда құжаттарда студенттердің тегі мен аты-жөнінен бөлек, медициналық құпия мәліметтер де болған. Кейін мессенджерлерге жіберу арқылы университет студенттеріне қатысты дәрігерлік құпия деректер мен мәліметтер тарап кеткен. Осы дерек бойынша 14 ақпанда университетте қызметтік тексеріс тағайындалды және Алматы қаласының прокуратурасына прокурорлық ден қою шараларын қабылдауды, студенттердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуді сұрап, өтініш жолданды», — деп жазылған университет әкімшілігі жауабында.

Related Articles

Back to top button