Жаңалықтар

Түркістанда биыл 493 мың тонна өнім жиналды

Түркістан облысында күзгі жиын-терім науқаны табысты өтті. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 870,2 мың гектарға орналастырылып, өткен жылдан 9 мың гектарға артты. Салада қандай мәселелер, жоспарлар бар?
Бұл сұрақтар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттың апталық отырысында талқыланды, деп хабарлайды Brifing.kz.
– Ауыл шаруашылығы – облысымыздың негізгі драйверлерінің бірі. Ізденісті тоқтатпау керек. Су үнемдеу технологияларын қолдану, егістікті әртараптандыру аса маңызды. Бекітілген индикаторға қол жеткізе алмаған аудандарда жұмысты күшейткен жөн. Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, экспорттық әлеуетін көтеру және азық-түлік тапшылығының алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі атқарылсын, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, өңірде егістікті әртараптандыру, су үнемдейтін дақылдар алқабын көбейту жұмыстары дұрыс жолға қойылған. Егістікті әртараптандыру нәтижесінде масақты дақылдар 10 мың гектарға артып, 273,4 мың гектарға орналастырылды.
Одан 493 мың тонна өнім жиналды. Майлы дақылдар 6 мың гектарға артып, 83 мың гектарға егілген. 83 мың тонна өнім жиналса, малазықтық дақылдар 2 мың гектарға артып, 5 млн. тонна мал азығы дайындалған. Жоспар артығымен орындалған. Бір ерекшелігі, көкөніс, бақша, картоп дақылдары 2 мың гектарға қысқартылған Бірақ өнімділікті арттыру есебінен, рекордтық 3,3 млн. тонна өнім жиналған. Мақта дақылы 15 мың гектарға қысқартылып, 300 мың тонна мақта алынған.
Облыстың оңтүстік өңірлерінде мақта дақылын рентабельділігі жоғары дәндік жүгері, бұршақты дақыл және малазықтық дақылдармен алмастыру арқылы ауыспалы егістікті ендіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Бұл бағытта дәндік жүгеріні өткізу нарығымен қамтамасыз ету мақсатында Шардара ауданының индустриалды аймағындағы 35 гектар аумаққа құны 32 млрд. теңгені құрайтын «Жылына 150,0 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу зауыты» жобасы жүзеге асырылуда. Түркия және Франция елдерінің технологиясы қолданылған жобаның бірінші кезеңі аяқталып, тауар өндірушілерден 2 мың тонна дәндік жүгері қабылданған.
Облыста минералды тыңайтқыштар алу үшін 10575 агроқұрылымға 6,3 млрд. теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетілді. Пестицидтер мен биогенттер алу үшін 275 агроқұрылым 60 млн. теңгеге мемлекеттік қолдауға ие болды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Related Articles

Back to top button