Күзгі әскерге шақыру басталды
Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР Қорғаныс министрлігі Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаментінің бастығы генерал-майор Бауыржан Артықов мәлімдеді, деп хабарлайды Brifing.kz.
Шараға Қарулы күштермен қатар әскерге баратындар борышын өтейтін Мемлекеттік күзет қызметінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның және Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері де қатысты.
Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаментінің бастығы өңірлерде жергілікті атқарушы органдар әкімдерінің орынбасарлары басқаратын қалалық және аудандық шақыру комиссияларының жұмысын айтып өтті.
– Биыл 1 қыркүйектен 28 желтоқсанға дейін Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатары 18 бен 27 жас аралығындағы мерзімді қызметті кейінге қалдыруға немесе әскерге шақырудан босатуға жатпайтын он тоғыз мыңның үстінде сарбазбен толығады, – деп жоспардағы сан жайлы айтып өтті генерал-майор Бауыржан Артықов.
Ол бұдан басқа Мемлекет басшысының мерзімді әскери қызметтің беделін нығайту, тартымдылығын арттыру және әскери қызметшілердің әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталған шараларға да тоқталды.
Біріншіден, мерзімді қызмет сарбаздарына кредиттік демалыс беру шаралары іске асырылып жатыр. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бүгінде 1,4 млрд теңге сомасына 8 800 қарыз және микрокредит бойынша 5 мыңнан аса сарбаздың несиелік төлемдері кейінге қалдырылған.
Екіншіден, Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың оқу орталықтарында экономиканың нақты секторында қажет әскери-есепке алынатын мамандықтар бойынша сарбаздарды дайындайды. Оларға мемлекеттік үлгідегі куәліктер бере беріледі.
Үшіншіден, Қорғаныс министрлігімен 70-тен астам жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелері борышын өтеген сарбаздарға білім беру секторында қосымша жеңілдіктер беру туралы келісімге қол қойды.
Қорғаныс ведомствосының өкілі әскерге шақырылушыларға 1414 бірыңғай байланыс орталығының желісі бойынша SMS-хабарламалардың, не үйінің және қызмет орнының мекенжайларына жеке шақыру қағаздарының көмегімен жеткізетінін хабарлады.
– Азаматтарды ақылы жәрдем көрсетуге уәде берген адамдардың көмегімен әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе босату мәселелерін шешуге тырысудан сақтандырғым келеді. Шақыруды кейінге қалдыру және одан босату жөніндегі мемлекеттік қызметтер «электрондық үкімет» порталы арқылы автоматты түрде көрсетілетін болады, – деп нақтылады Бауыржан Артықов.
Сонымен қатар ол өңірлерде қорғаныс істері жөніндегі департаменттерінің жанында «Қарулы Күштер – адалдық алаңы» жобалық кеңселерінің сенім телефондары жұмыс істейтінін еске салды. Жүзбе-жүз кездесуден басқа, электрондық пошта жәшіктері мен әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттар арқылы кеңес ала аласыз деді.
Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаментінің басшысы бұл шақыруда әскерге алынатындар саны артатынын атап өтті. Әскерге шақыру науқанының тағы бір ерекшелігі – әскерге шақыру комиссияларының жұмысына сарбаздар аналары мен қоғамдық комитет өкілдерінің қатысуымен қамтамасыз етілетін ашықтықтың артуы.
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі